БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРДІ

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған құрамында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы мен ветеринария басқармалары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «ҚазАгроҚаржы», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Халық Банкі»-нің өкілдері бар үгіт-насихат тобы ауданымызға келіп, тұрғындарға кәсіп ашу мен ауыл шаруашылық саласын қолдау бағытында жеңілдіктер жайын түсіндіріп, несиелендірудің түрлі шарттары, т.б. мәселелер бойынша кеңестер берді.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынға шаруа қожалық мүшелері, жергілікті кәсіпкерлер мен қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары үгіт-насихат тобының мақсат-міндетіне кеңірек тоқталып, кездесушілерді белсенді пікір алмасуға шақырды.

— Шалқар ауданы өңіріміздегі ауыл шаруашылығымен қатар, шағын кәсіпкерлікті дамыту жағынан да алға шыққан өлкелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір үндеуінде бұқара халықтың әл-ауқатын арттыру, осыған орай ауыл шаруашылығы саласы мен шағын кәсіпкерлікті жер-жерлерде дамыту назардан тыс қалған емес. Сондай-ақ, мейілінше жұмыс көздерін көбірек ашып, халықты тұрақты жұмыспен қамту жайын ұдайы алға қойып келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, «Табыс — келешекке деген сенімді оятып, халықтың әл-ауқатын арттыратын басты фактор». Сондықтан уақыт ағымымен бірге үндесіп, қолға алған ісімізді өрлетуге күш жұмылдыру басты міндет, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов, т.б. өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындарға қажетті мәліметтермен бөлісті.

Сұрақ-жауап кезеңіне келген кезде ауыл шаруашылығын жетілдіру барысында әлі де кездесетін кедергілер жайы сөз болды. Еңбек ардагерлері Сәрсенғали Көпенов, Ермек Бекмағанбетов, Болатбай Елеусізов шаруалардың көкейінде жүрген жер бөлудегі әділдік, ветеринариялық саланың базасын нығайту жайы, несие жеңілдіктерін алудағы қағазбастылық сынды өзекті мәселелерді көтеріп, топ мүшелеріне өтініш-тілектерін жеткізді.

Жиыннан соң жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, әр сала мамандары мен тұрғындар еркін пікір алысты. Ауданымызға келген аталған үгіт-насихат тобының жұмысы барысында Мәдениет үйінің фойесінде шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша грант-қа қол жеткізгендердің көрмесі ұйымдастырылды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шалқар ауданы филиалы бойынша өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасымен жалпы 122 адам оқыса, оның 46-ын жастар құраған. Грантқа 2021 жылы аудан бойынша 86 адам қол жеткізсе, оның 73-і «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша алған. Оның 31-ін жастар құрайды.

  Мұхтар МЫРЗАЛИН.