Жақында №1 мектеп-гимназиясының мұз айдынында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 5 жылдығы және ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының 77 жылдық мерейтойына орай спорт және Ұлы Отан соғысының ардагері Рафкат Ахмедұлы Туюшевті еске алу құрметіне арналған аудандық дәстүрлі допты хоккейден ашық біріншілік өтті.
Шараға «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Нұрболат Мұрсалов, ардагер-ұстаздар Нұрлан Майкөпов, Давид Өтек, Равиль Туюшев, №1 мектеп-гимназиясының директоры Мұхтар Оңғаров, №5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапарова қатысты.
Екі күн бойы мұз айдынында өзара бақ сынаған бес команда шешуші кезеңде тартысты әрі қызықты ойын үлгісін көрсете алды. Үзіліс барысында қатысушыларға ыстық шәй мен бауырсақ таратылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша зейнеткер- ұстаз Д.Өтек III орын төрінен көрінген «Юность» командасын, №1 мектеп-гимназиясының директоры М.Оңғаров II орынды иеленген «Қамқор Локомотив» депо командасын, №5 мектеп-лицейінің директоры Ә.Әбдіғапарова I орынды иеленген «Айша-Тұрар» командаларын марапаттады. Команда ойыншыларына естелік алқа, Грамота және ақшалай сыйлық табысталды.
Айта кетсек, «Айша-Тұрар» командасы 2012 жылдан бері допты хоккей турниріне тұрақты қатысып жүрген командалардың бірі. Жеңімпаз атанған командаға турнир кубогі табыс етілді.
Сондай-ақ, аталған турнирді ұйымдастырушы және демеушісі ардагер-ұстаз Равиль Рафкатович жеңіске деген жігерлілігі үшін «Ұстаз», «№5 мектеп-лицей» командаларын және ерекше ойын үлгісімен көзге түскен ойыншылар Арун Тьяглаков «Үздік қорғаушы», Нұрдәулет Қуаныш «Үздік ойыншы», Айбат Төрежанов «Үздік шабуылдаушы», Бауыржан Мирмановтарды «Үздік қақпашы» атақтарымен, бас төреші, №5 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі А.Пановты Алғыс хаттармен марапаттап, ақшалай сыйлықты табыстады.