ҚАЛАҒА ОРТАҚ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ

Шалқар қаласының әкімі Тұрлан Төлегеновтің қала тұрғындары алдындағы жылдық есебі 2 ақпан күні №6 орта мектебінде өтті. Қала әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстары, жүзеге асырылған іс-шаралар туралы мәліметтер алдын ала жергілікті баспасөзде толығымен жарияланған болатын. Сондықтан да кездесу барысында әкім маңызды деген мәселелерге тоқталып, жергілікті тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берді.

Шалқар ауданының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Ата кәсіппен шұғылданушылар қала аумағында да жеткілікті. Қалаға қарасты 62 шаруа қожалығы және 5 ауыл шаруашылығы кооперативтері бар. Бүгінгі таңда Шалқар қаласы бойынша мүйізді ірі қара 7800, жылқы 4687, қой 15712, түйе 1593 басты құрайды. Өткен жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыру қорынан 4,5 млн. теңгеге 11 жеке кәсіпкер 137 бас мүйізді ірі қара, «Бірлік» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 500 бас қой сатып алған. Төрт түлікті өсіру үшін тіршілік нәрінен таршылық болмауы тиіс. Осыған орай қалаға қарасты жерлерден төрт ұңғыма қазылған.

Көкөніс дақылдарын егу де шалқарлықтардың ертеден келе жатқан кәсібі. Осы бойынша егілген дақылдар жеке тұрғындарда 445,5 га., оның ішінде картоп 114,4 га., көкөніс 195,1 га., бау-бақша 136,0 га. Шаруа қожалықтарының егетін дақылдар көлемі 92,5 га., оның ішінде картоп 29,1 га., көкөніс 39,9 га., бау-бақша 23,5 га.

Қала әкімі шағын және орта кәсіпкерлік, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тәртіп, т.б. маңызды мәселелер төңірегін- де де мағлұматтар беріп, осы салалар бойынша алда жасалатын жұмыстарды тілге тиек етті. Осы ретте Шалқар қаласының көріктенуі, тазалығы, инфрақұрылымдық қалыптасуы жайы кеңінен айтылды. Қала жыл санап үлкейіп келеді. Оған қаланың даму аймағынан салынған жаңа тұрғын үйлер қатары дәлел. Десе де жер кезегінде тұрған азаматтар да баршылық. Бұл ретте Шалқар қаласының әкімі Тұрлан Ғанибетұлы қаладан жеке тұрғын үй құрылысын салу мақсатында жер учаскелерін алып, құрылыс жұмыстарын жүргізбеген 70-ке жуық жер телім иесінің учаскелері қаланың босалқы жер қорына кері қайтарылғанын жеткізді. Қазіргі таңда жер кезе-гінде тұрған 1512 адам бар. Әртүрлі санаттағы аз қамтылған 619 отбасы коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы көпбалалы отбасыларға 12 пәтер сатып алынып берілген.

Қала әкіміне тұрғындар тарапынан әлеуметтік мәселелер жөнінде қала үшін алда жасалуы қажет ортақ істер жөнінде сауалдар қойылды. Жұмысшылар қалашығының тұрғындары Бағжан Жоламанов, Есенгелді Бекмағанбетовтер қалаға кіре беріс жолдарды асфальттау, көшелерді жасыл желектен-діру жайын қозғап, балалардың, жалпы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін бұралқы иттердің көзін жоюды күн тәртібінен түсірмеуді жеткізді. Тихонов көшесінің тұрғыны Гүлнар Шолпанова аталған көшенің жолын тегістеп, көктем мезгілінде жүруге жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты. Ата-аналар тілегін жеткізген тұрғындар қаланың әр аумағынан балалардың ойын алаңдарын көбейту қажеттігін айтты. Осындай көпшілік тарапынан қойылған сауалдардың арасында қала ішінде такси бағасының тұрақсыздығы, аулаларға келетін көл суының тапшылығы, жаяу жүргіншілерге арналған теміржол өткелінің қауіпсіздігін қадағалау, т.б. мәселелер ортаға салынды. Бұл қойылған сауалдардың барлығына қала әкімі тарапынан нақты жауаптар берілді.

Осы есепті кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев ауданда жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, ел бірлігін ұдайы алға қойып, жұртшылықты ынтымақпен еңбек етуге шақырды. Ертеңгі күннің еншісіне қойылған міндеттердің қатарында қаланың асфальт төсеніші бар үш көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, Шалқар қаласының Вокзал маңы және Карагулин көшелерін абаттандыру, қала аумағынан бір сквер салу, автокөлік жолдарының қиылысына төрт бағдаршам орнату, бес ойын алаңы мен бір воркаут алаңын салу мәселелері тұр. 

Үлкендер атынан сөз алған спорт ардагері Бағжан Жоламанов әкімнің есебіне қанағаттанарлық бағасын беріп, алға жоспарлаған істеріне сәттілік тіледі.

* * *

Кестеге сәйкес 3 ақпан күні қала әкімінің есебі №4 орта мектебінде өтті. Оған Газшылар қалашығының тұрғындары қатысты. Әкіммен кездесуде  сөз алған зейнеткер Қуантай Ахметов бастаған сол қалашықтың бірқатар тұрғындары күл-қоқыс жинау ақысы, Газшылар қалашығындағы сордың бетін жабу, адамдар көп жүретін жерлерді жарықтандыру, «Алау» стадионын күтіп ұстау, Шалқар көлінің тазалығы мен келешегі жайында  көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойды. Қала әкімі Тұрлан Төлегенов айтылған мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтындығын, көбінің алдашешімдері тапқалы тұрғандығын жеткізді. Қала тазалығымен айналысатын  «Nur Taza Qala» ЖШС-нің өкілі Ерлан Еркінов өзіне қойылған сауалдарға жауап берді. Осы есепті кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мақсат Әлібеков өлкемізде алда жасалуы тиіс жұмыстардың жоспарларын таныстырды.

* * *

7 ақпан күні әкім есебі №8 орта мектебінің акт залында өтті. Оған аудан әкімі Жанболат Жидеханов, бірқатар мекеме, бөлім басшылары қатысты. Қала әкімінің бұл есеп беру жиынында да тұрғындар сауалдар қойып, қалаға ортақ мәселелер жайын қозғады. Залдан қойылған суалдардың негізгілеріне Шал-қар көлінің тазалығы, оған жақын орналасқан қожалықтардан келер пайда мен зиян, даму аймағын жарықтандыру мәселелері, жолдың тазалығы, т.б. жәйттер жатты. Қала әкімі Т.Төлегенов өткен жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, тұрғындар тарапынан, әлеуметтік желілерден түскен сауалдарға жауаптар берді. Есепті жиынды қорытындылаған аудан басшысы өлкеміз бойынша атқарылып жатқан істерге тоқталды.

Жалпы, қала әкімінің қаланың әр аумағында өткізген есепті кездесуінен соң тұрғындардың жекелей қабылдауына да мүмкіндіктер жасалды. 

М. БОҚАН.