ШАРУАНЫҢ ШЫРАЙЫ ЕҢБЕКПЕН КІРЕДІ

Есет Көтібарұлы ауылдық округінде қазіргі таңда 54 шаруа қожалығы бар. Округ бойынша мал басы жыл санап артып келеді. Ауыл әкімдігінің мәліметінше,  4558 мүйізді ірі қара, 15934 бас  қой-ешкі, 5429 бас жылқы, 1240 бас түйе малы тіркеуде. Көбінің қыстаулары құм бойында орын тепкендіктен, бұл аумақта мал шаруашылығын жүргізу барлық жағынан да қолайлырақ.

Аталған округке қарасты «Жомарт» шаруа қожалығы  1998 жылы құрылған.  Шаруашылық иесі Жомарт Сатыбалдин де осы ауылдың тумасы. Ол түздің шаруасын жақсы біледі, еселеп еңбек еткенді жаны қалайды. Осындай талапшылдығының арқасында иелігіндегі шаруашылығы бүгінде аудандағы іргелі қожалықтардың сапынан аталады. Шаруашылыққа тиесілі төрт түлік малмен қатар, жем-шөп дайындайтын техникалар санын да арттырып, соңғы бірнеше жылдан бері мал азығын дайындау ісін қолға ала бастады. Ала жаздай шабындықтарда шөп шауып, Есет Көтібарұлы, Айшуақ, Бозой ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарына шөп жеткізеді.

— Біздің жас кезімізде жұмыссыз жүрудің өзі ұятқа саналатын. Жарамды адам қатардан қалмай, екі қолға бір күрек табуға тырысатын. Мен кеңшар кезінде шофер болып жұмыс істедім.  Ел егемендікке қол жеткізген тұста сиыр бақтым, одан кейін түйе шаруашылығына араластым. Нарық талабымен барлығы сол кезде жеке шаруашылыққа бет бұра бастады. Отбасымызбен ақылдаса келе,  қожалық құруға бекіндік. Содан бері осы кәсіптің соңында келеміз. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында Үкіметтен қарастырылған жеңілдіктердің игілігін көрдім. Қазір шаруашылық жұмысы жүйеленіп келеді. Қыста құм іргесіндегі «Таңатқан» қыстауында боламыз, жазда Жуалыбас  жайлауына көшеміз. Зайыбым Айнагүл екеуміз балаларыммен, көмекшілеріммен ата кәсіптің қиындығы мен зейнетін көріп келеміз, — дейді Жомарт аға.

Алпыстан аттаған  ағаның мінезі сабырлы, әр іске байыппен қарайды. Шаруашылық шылбырын ұстай жүріп, осы салада жиған тәжірибесі де бірталай. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын жүйелендіру бағытында  айтары мол. Шаршы топта  іштегісін ірікпей айтатын мінезі де бар.

— Кешегі кезде малшыларға үлкен мән берілетін, қойшыларды құрметтеп, төрден орын беріп жататын еді. Қазір бұл үрдіс жоғалды. Соның әсері болар, мал бағатын адам тым азайып кетті. Шопан деген сөз жойылып бара жатқандай. Қазір қомақты қаражат ұсынсаң да, сенімді малшы табу — «шөп арасынан ине іздегенмен бірдей» болып тұр.

Тағы бір мәселе — бұрын малшы ауылдар ерте көктемнен көктеуге шығып, күн ысымай жайлауға көшіп, одан әрі күздеуге барып, қыстаққа бір келетін. Қазір  бұндай тәртіп жоқ. Шаруа қожалықтарының көбісі қыстақтың айналасынан жырақтай алмайды. Жердің жаппай тозуының да бір себебі осы, — дейді ол.

 «Жомарт» шаруа қожалығы ауданда өтетін қайырымдылық іс-шараларына үздіксіз қатысып отырады. Байқадам ауылындағы орта мектептің кабинетін жарақтауға, медициналық пунктің материалдық базасының артуына үлесін қосып жүр. Осындай белсенділігі, шаруашылықтағы іскерлігі үшін аудан, облыс әкімдерінің, ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы марапаттарына ие болған. Өткен жылғы Тәуелсіздік мерекесінде ол «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Жомарт аға жылдың қай мезгілінде де шаруашылықтың  жауапкершілігінен бір сәт босаған емес. Қазір мал қыстатумен қатар, Шалқар қаласы көшелеріндегі жолдың тазалығын да қадағалайды. Көліктер таймас үшін бұрылыстарға техникаларымен құм себеді. Қар жауысымен тракторларын «оятып», көше жолдарын ашуға ден қояды.   

Үнемі істің қамымен жүретін Жомарт ағаның ілгеріге қойған жоспары көп. Оның барлығы тоқтаусыз еңбекпен жүзеге асатынына сенеді.

М.БОҚАН.