ТҰРҒЫНДАР ОЙ-ПІКІРЛЕРІН ОРТАҒА САЛДЫ

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов 2-5 ақпан аралығында ауданымыздағы округтердің орталықтарында болып,  тұрғындармен кездесіп, «Шалқар ауданының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2022 жылға арналған міндеттері туралы» есебін берді. Ең алдымен халық ауылдық округтер әкімдерінің  есептеріне ден қойды. Бұдан соң аудан әкімі Ж.Жидеханов ауданда атқарылған істерге шолу жасады. Жалпы, әр округте өткен кездесулер еркін әңгіме түрінде өтті.

   Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округінің тұрғындары бұрыннан келе жатқан газ тарту, жол мәселелерін қозғады. Жұмысы жүргізіліп жатқан ауыз су желілерін тарту жұмыстары тезірек сапалы түрде аяқталса деген тілектерін ортаға салды.

Газ желісі негізінен Шалқар қаласынан тартылатын болғандықтан, қуатты газ тарату стансасын қою мәселесі жоғарыға ұсынылып жатқандығы айтылды, бұл жұмыс 2025 жыл-ға дейін басталып кетуі керек. Сонымен бірге жақында облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы келіп, Тоғыз, Кішіқұм бағытындағы автожолдың жағдайын қарап, бұл мәселенің алдағы уақытта қолға алынатынын айтты. Ал су желісін тарту жұмысы осы жылғы шілде айында аяқталуы керек.

Шалқар ауылдық округінің тұрғындары негізінен құм көшкінін тоқтату, осыған орай егілген ағаштардың қоршауын нығайту жөнінде әңгіме қозғады.

Аудан әкімі жалпы құм көшкіні мәселесі Шалқар, Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы си-яқты округтерде үлкен мәселе болып тұрғанын айта келе, оны тоқтатуға қолдан келгенше көмек берілетінін жеткізді. Сонымен бірге бұл округтің тұрғындары соңғы кезде көшеде иттердің көбейіп, балаларға, адамдарға айтарлықтай қауіп болып тұрғанын айтты. — Иттердің көбеюі барлық елді мекендерде де байқалады, оны жою шарасын жақын арада жүргіземіз, — деді аудан басшысы. Сонымен бірге биылғы жылы Жылтыр ауылына кіреберіс жолы асфальттанатынын айтып, тұрғындарды бір қуантты.

Шетырғыз ауылдық округіндегі «Төлеу» шаруа қожалығының төрағасы «Шалқар жайлауы» несие серіктестігінен несие алып, оны 2019 жылы өтеп тастаса да, одан құжаттарын кері қайтарып ала алмай жүргеніне қынжылды. Мұндай жағдай басқа қожалықтардың бастарында да бар. Аудан әкімі бұл мәселені білетінін, қазір онымен заңгер Ерлан Еркінов деген азаматтың бұл іспен айналысып жатқанын, несиесін өтегендердің құжаттары кейін қайтарылатынын айтты. Сонымен бірге шаруалар субсидия беру, қожалықтарға электр желісін тарту реттерін сұрады. Бұл сауалдар-ға жауап берген мамандар субсидия тек жем-шөпке берілетінін, ол үшін ірі қара 50 аналықтан, қой 300 аналықтан кем болмауы керектігін жеткізді. Және қожалықтарға электр желілерін тарту жобасы да бар екенін, оған құжаттарды дайындап, жоғарыға ұсыну керектігі айтылды.

Қауылжыр ауылдық округінде шаруалар жаз айларында ауыл малдарына Ақжар деген жерден су ұңғымасын қазып беруді сұрады. Себебі, төрт түлікке су тапшылығы бар. Оған жауап берген ауыл әкімі ол жер шаруа қожалығының жері екенін, алдағы уақытта бұл мәселенің шешілу жағы қарастырылатынын айтты. Еңбек ардагері Сауда Самаев Қайдауыл стансасындағы бастауыш мектепке жаңа ғимарат, сырттан келетін мұғалімдерге, дәрігерлерге қызметтік үйлер салынса деген ұсынысын айтты. Аудан әкімі қазір бастауыш мектептерге ғимарат салу жайы қарастырылмайтынын, ал қызметтік үйлерді салудан гөрі сатып алып беру тиімді екеніне тоқталды. Ауыл тұрғындары дәріхана ашылса екен деген тілектерін айтты. Оған округ әкімі дәріхана үйі дайын екенін, бірақ онда жұмыс істейтін фармацевт мамандардың болмай тұрғанын жеткізді.

Мөңке би ауылдық округінің тұрғындары да жайылым жерлерді кеңейту мәселесін айтты. Және жедел жәрдем көлігі болса, жұмысшылар пойызы сенбі, жексенбі күндері жүрсе, балалар ойын алаңы салынса деген тілектерін ортаға салды. Ауылдық округ әкімі Н.Бисеков жайылым жерлерді кеңейту мақсатында биылғы жылы Бақатай деген жердің шөбін шаптырмай, округ орталықтарының малдарына жайылым есебінде ұстайтынын айтты. Аудан басшысы Мөңке би ауылында 2016 жылдан бері «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша көптеген жұмыстардың жүргізілгенін, оны облыс басшысының өзі көріп, облыстың басқа округтеріне  үлгі ету керек екенін айт-қандығы жөнінде еске салды. Және ойын алаңы қажет болса, оның шешілу жағын алдағы уақытта қарастыратынын жеткізді. Ал жұмысшылар пойызын демалыс күндері жүргізу теміржол басшылығының құзырында екенін, оның шешілу жайы ұсынылатынына тоқталды.

Ақтоғай ауылдық округінде сөз алған еңбек ардагері Ж. Шамшатов ауылда кітапхана, клуб ғимараттарына найзағай түсіп, іске жарақсыз болғанын, енді оған жаңа ғимараттар салынса, жұмысшылар пойызы демалыс күндері жүргізілсе деген тілегін айтса, басқа да шығып сөйлеушілер жедел жәрдем көлігінің болуын сұрады.

— Бұл жағдайлардың бәрі бізге белгілі, тұрғындар болған үстіне бола берсін дейді, ол дұрыс. Жиырма бірінші ғасыр, интернет жылдамдығын күшейту, жолдарды асфальттау, жаңадан клуб, ФАП ғимараттарын салу, т.б. бұның барлығы біздің жоспарымызда бар, алайда ол кезеңімен болады, — деді аудан әкімі. Жедел жәрдем көлігіне байланысты сала маманы ауданға үш жедел жәрдем көлігін беру туралы облысқа ұсыныс жасалғанын, сол кезде бұл мәселенің жайы шешіліп қалатынын айтты.

Бершүгірліктерге газ жеткізу мәселесі күн тәртібінде тұрғанына тоқталып, көгілдір отынның Мұғалжар арқылы келу жобасы жасалуда екенін, Сарысай, Алабас елді мекендеріне газ кіргізу де осы жобаның ішінде болатынын жеткізді. Алабас пен Сарысайдың электр энергиясының жағдайын, зауыттардан шығатын шаңды реттеуді тиісті орындарға жеткізіп, шешілу жолын қарастыратынын айтты.

Жаңақоныс ауылдық округінің тұрғындары Аққайтым елді мекенінде балабақша ғимаратын салуды ұсынды. Бұл мәселеге жауап берген ауданның білім бөлімінің басшысы А.Абдыков 25 бала үшін ауылдан балабақша салу тиімсіз екенін, жан басына қаржыландыру бойынша 1 балаға 86 мың теңгеден келетінін, сондықтан мұның мектеп жанында болғаны дұрыстығын айтты. Егер келешекте балабақша ғимаратын салатын инвесторлар табылып жатса, оның жүзеге асып қалатынын жеткізді. Байқадамдықтар «Алматы—Маңғышылақ», «Маңғышылақ— Алматы» пойыздары аялдап өтсе, алдағы уақытта мектепте қосымша білім беру үйірмелері жүргізілсе деген тілектерін жеткізді. Сауал берген жандарға аталған пойыздарды аялдату тәртібі бар екенін, оны теміржол басшыларының шешетіні, ал қосымша білім беру ұйымдарын ашуға келесі жылдың қыркүйегінен бастап ауданымызда мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істеуге болатыны айтылды. Ағылшын тілі болсын, математика болсын т.б. үйірмелер ашқысы келетіндер оны заңдастырып, ұсыныстар жасаса, олар мемлекеттік тапсырыс ала алады. Бұндай жоба биылғы жылы Ақтөбе қаласында жүзеге асуда.    

Бегімбеттіктер елді мекенге өрт сөндіру машинасын сұрады. Аудан басшысы ауданда төрт тірек ауылдары бар, соның бірі Айшуақ екенін айта келе, алдағы уақытта ретімен өрт сөндіру машиналарының берілетінін айтты. Сонымен бірге, бұл округтің шаруалары жаз мезгілінде жайлауға қоныс аудармайтын қожалықтарды сынады. Және жекенің малдарына жем-шөппен субсидия беріле ме деген сауалдарын қойды. Бұл сауалдарға жауап берген сала басшылары биылғы жылдан бастап мораторийдің алынып тасталуына байланысты қожалықтарға жайлауға көшіп шығуға талап қойылатынына тоқталды, сонымен бірге жеке адамдар малдарының жемшөбіне субсидия берілмейтінін жеткізді. Ол тек шаруа қожалықтарының тіркелген малдарына ғана тиісті болмақ.

Бозой ауылдық округіндегі өткен кездесуде тұрғындар тарапынан халыққа ортақ мәселелер жайы қозғалып, тиісті мекеме, бөлім басшыларымен еркін пікір алмасу орын алды. Ауыл тұрғыны Ғани Үсенов округ орталығынан спорт кешенін салу жайын қозғаса, зейнеткер Ниедулла Дәулетов ұялы байланыс қызметінің әлі де сапасыз екендігін жеткізді. Тұрғындар тарапынан бұдан да өзге айтыл-ған ұсыныс-тілектерге аудан басшысы жекелей тоқталып, нақты жауаптар берді.

Ауылдық округтерге өткен кездесулерде аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. Олардың шешілу жолдарын қарастырып, тиісті адамдарға тапсырмалар берді.

Аудан әкімі Ж.Жидеханов кездесулерде қай мәселенің де назардан тыс қалмайтынын айтып, ауылдық округ әкімдеріне заман талабынан қалмай, мемлекет басшысының тапсырмалары мен міндеттерін орындап, ел-халықпен бірлесіп еңбек ету керектігін тапсырды.

Осы есепті кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев және халыққа қызмет көрсететін мекеме, бөлім басшылары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшысы қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жеке қабылдап, залдан түскен сұрақтарға жауап берді.   

Қыдыралы ӘЛИН.