№1 мектеп-гимназиясының мұз айдынында аудандық жастар ресурстық орталығы «ЖасStar» еріктілер тобымен бірлесе «Жаңа Қазақстанға — салауатты ұрпақпен!» атты ұранмен допты хоккейден аудандық турнир өткізді. Мақсаты — жастар арасында допты хоккей спорт түрін дамыту және спорттық шеберлік деңгейлерін шыңдау.
Оған №1 мектеп-гимназиясының зейнеткер-ұстазы Давид Өтек, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мақсат Қанатбай, №5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапарова және білім беру ұйымдарының волонтер жастары қатысты.
Турнирдің ашылуында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова құттықтау сөз сөйледі.
— Бұл сайысты байрақты бәсеке — Бейжіңдегі XXIV қысқы олимпиадаға қатысып жатқан отандастарымызды қолдау және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Ауданымызда допты хоккей спорт түрі кеңінен дамып, алдағы уақытта қатысушы командалар саны артатынына сенемін, — деп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
№5 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Андрей Панов төрешілік еткен сайыста 3 команда бақтарын сынап, тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жарыстың көрігін қыздыра түсті.
Нәтижесінде тартысты дода өз мәресіне жетіп, I орынды «Қамқор Локомотив» құрамасы иеленді. II орынға №5 мектеп-лицейі табан тіресе, III орынды №2 мектеп-лицейі еншіледі. Аталған жеңіс тұғырынан көрінген командаларды аудан әкімі Жанболат Жидехановтың Дипломымен орталық басшысы Ж.Әбденова, №5 мектеп-лицейінің директоры Ә.Әбдіғапарова, №1 мектеп-гимназиясының директоры М.Оңғаров марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Шарада «ЖасStar» еріктілер тобының мүшелері жанкүйерлерге ыстық шәй мен бауырсақтар үлестірсе, Ернұр Жүсіпов «Мен қазақпын» әнін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».