Аяққұм ауылының тұрғындары жаңа жылды игілікті істерге қол жеткізумен бастады. Аудан орталығынан 170 шақырымдағы бұл ауылда осы кезге дейін ауыз су, ұялы байланыс игілігін көру үлкен мәселе болып келген еді.
Өткен жылдың аяғында аудан әкімінің қолдауымен осы жердің перзенті, кәсіпкер Сүйін Жолдасовтың атсалысуымен ауыл іргесінен су ұңғымасы қазылып, 100 метр тереңдіктен ішуге жарамды тіршілік нәрі шықты. Жергілікті бюджет есебінен оған су тазартқыш кешенді блокты-модульді қондырғысы орнатылып, халық қазір игілігін көре бастады. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 32 метр биіктікті алатын мұнара орнатылып, «Beeline» байланысы қондырылды. Қазір төте жолдардан бір бүйірлеу жатқан Аяққұмда, округ орталығы Бозойда байланыс сапалы жұмыс істейді, тұрғындар 3G-мен әлеуметтік желіге еркін қол жеткізіп отыр.
— Расын айтсақ, ауылымызды ауыз су мен байланыс мәселесі алаңдатып келген еді. Осы мұқтаждық әсіресе, жастарға қиын тиді. Міне, ел азаматтарының қолдауымен мұның да оң шешіміне куә болып отырғанымызға қуаныштымыз. Елді мекендерге осылай жағдайлар жасалса, жастар да онда тұрақтап, іргесі нығая берер еді, — дейді Аяққұм ауылының тұрғыны Аманжол Аязбаев ақсақал.
Ел игілігіне ортақ істердің басы-қасында жүретін аудан әкімі Жанболат Жидеханов қазақылықтың қаймағы сақталған ауылдарымыз әрдайым назарда болатындығын үнемі айтады.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, «Ауыл — біздің алтын бесігіміз». Қазір шалғайдағы мекендердің келешегін кемелдендіру үшін нақты міндеттер жүктеліп, жүйелі қадамдар жасалуда, — дейді аудан басшысы.
Ауданда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында алға жоспарланған жұмыстар көп. Соның ішінде ауылішілік, кіреберіс жолдарды жөндеу бар. Өткен жылы осы жоба аясында Бегімбет ауылындағы бір көшенің жолына орташа жөндеу жүргізілген.
М. БОҚАН.