ҮШ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Өткен аптада аудандық орталық кітапхананың коворкинг залында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сембай Қариннің «Қаламы төселген теміржолшы» тақырыбында кеші өтті. Онда «Алақай», «Ырыс көзі — ынтымақ» және «Ізгілік» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі болды. Кеште өлкемізде шығармалары кеңінен таралған қарт журналистің келелі кезеңдері таныстырылды.  

Сембай Мұқамбетжанұлы 1939 жылдың 30 желтоқсанында Шалқар қаласында дүниеге келген. 1959 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, қаламыздағы ДОСАФ-та жүргізушілік курсты аяқтаған соң, еңбек жолын қарапайым жүргізушіліктен бастайды. Кеңес Армиясы қатарында 1958-1961 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Әскерден оралғаннан кейін Шалқар локомотив депосында жұмыс атқарды, одан соң аудандық «Шалқар» газетінде еселі еңбек етті.

Жалпы С.Қарин өз өмірінің 40 жылдан астам уақытын журналистикаға бағыштап, қаламынан жүздеген тұшымды материалдар туды. Негізгі тақырып арқауы — халқымыздың салт-дәстүрі, жекелеген адамның рухани өмірі, тарихи тұлғалардың бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық істері. Сол жинақталған дүниелерден Сембай Қариннің «Өмір иірімдері», «Жылдар мен жолдар», «Көңілде тұрған кездер», «Уақыт іздері» атты кітаптары жарық көрді. Бүгінгі кешке сиясы кеппеген «Ізгілік», «Ырыс көзі — ынтымақта» кітаптарын әкелген.

Қарт журналистке арналған кеште аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Төлепберген, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы А.Қалыбаев, «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қ.Әлин сөз алып, журналист-қаламгердің жазған шығармалары, ондағы ұзақ жылдарғы өмір тәжірибесінен жинақтаған өнегелі ойлары, халықтың мәдени өмірін көркейтуге, ел арасындағы үлгі тұтарлық азаматтардың еңбектегі жетістіктерін өскелең ұрпаққа жеткізудегі еңбегі жөнінде әңгімеледі.

Кеш барысы жергілікті ақындардың жырларымен, әндерімен өрнектелді. С.Қарин осындай мазмұнды кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын айтты.

 Өз тілшімізден.