Көкпар тартып, бәйгеге ат шаптырған…

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан әкімінің кубогі үшін көкпар, аламан бәйге, тай жарыстары ұйымдастырылды. Жылтыр ауылының іргесіндегі ипподромда киіз үй тігіліп, күні бойы ән мен күй қалықтады. Жасы үлкендер жаппай көкпардан сайысуға келген шабандоздарға серке тастар алдында баталарын беріп, сәттілік тіледі.

Көкпар тарту додасында тақымы мықты, білекті жігіттер сәйгүлік үстінде бір-біріне есе жібермей, көпшіліктің делебесін қоздырды. Алты шақырымдық тай жарысында мөңкебилік Нұрбек Берімбетов топ жарса, ІІ орын Есет ауылының тұрғыны Нұртуған Сағындықовтың қосқан тайына тиесілі болды. Отыз үш шақырымға созылған аламан бәйгенің алғашқы бестігіне жүлде тағайындалды. Көптің назарын аудартқан аламан бәйгеде  Шалқар ауылдық округінен Жолдымұрат Жұбаевтың қосқан тұлпары бірінші болып келді.

 Оқ бойы озып келген жүйріктердің иелеріне  ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды.     

— Алда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі келе жатыр. Еліміздің осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктері өте көп. Бұның барлығы Елбасының, Мемлекет  басшысының жүргізіп отырған сарабдал саясаттарының жемісі. Соның ішінде рухани құндылықтың орны қашанда жоғары, ұлттық спортымызға әрдайым көңіл бөлуге міндет-тіміз. Осы азаттық жылдары ауданымызда да шабандоздар құрамы жасақталып, жергілікті көкпар командасы республикалық деңгейдегі жарыстардан орын ала бастады. Бұл қуантарлық жәйт, елдігіміз үшін үлкен мерей,— деп аудан әкімі Жанболат Жидеханов аталған шараны қолдап, жанкүйер  болып келген көпшілікке алғысын білдірді.

Киіз үйде ардагерлер арнайы жайылған дастархан басында бас қосып, игілікті іс хақында ой-тілектерін ортаға салды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.