Аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Кітапхана — рухани жаң-ғыру ошағы» атты кітапхана түні өтті. Жұмыс аяғында басталған шараның түпкі мақсаты кітапхананың қай уақытта да зейінді оқырман үшін қолайлы екендігін көпшілікке жеткізе отырып, мейілінше оқырмандарын осы ортаға жақын тарту. Аудандық Мәдениет үйінің кең бөлмелерінде ұйымдастырылған мазмұнды шараның оқырмандар үшін мәні зор болды. Өйткені, көз тартар көрмелер ұйымдастырып, ұлттық нақыштан сыр шерткен түрлі қойылымдар қойылып, әуезді әндер әуеледі.
Аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Бақытгүл Жақсыбаева сөз сөйлеп, кітапхана түнінің мән-мақсатына тоқталды. Көгілдір экранда жергілікті кітапханашылардың жемісті еңбек жолдары көрсетіліп, фотосуреттер алаңында киелі Шалқар топырағында дүниеге келген тума талант иелерінің өмірлері мен шығармалары таныстырылды.
Жалпы, бұл игі шара барысында арнайы бөлінген алты дүңгіршікте тағылымы мол деректер айтылып, ұлттық болмысымызбен үндесетін қойылымдар қойылып, көпшіліктің қошеметі көрсетілді.
Шараның ең негізгілері арнайы бөлінген дүңгіршектерде жалғасты. Бірінші дүңгіршікте қалалық №1 кітапхананың кітапханашылары кітап кафетерийі: «Жазушыны таны да сыйлығыңды ал» бөлімінде республикалық «Бір ел — бір кітап» акция аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына 30 кітап оқуға ұсынылған болатын, осы кітаптарды насихаттау, таныстыру мақсатында Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің 8 «ә» сынып оқушылары М.Ләтипов, И.Жақсылықов, 6 «а» сынып оқушылары Н.Сарсеналин, Н.Әлімжанов, Н.Құдасбаевтардың және №8 орта мектебінің 1 «а» сынып оқушысы Г.Сағындықтардың қатысуымен көріністер көрсетіліп, сұрақ-жауап сағаты өткізілді.
Екінші «Мейірімді — пайдалы кеңестер» бөлімінде қалалық жасөспірімдер кітапханасының оқырмандары Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің 10 «ә» сынып оқушысы М.Сырлыбаева қолдан тоқылған қолөнер бұйымдары туралы таныстырып өтсе, Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің 9 «ә» сынып оқушысы Ә.Мұхаммед жылы жерде жұмыртқадан тауық балапанын шығаратын құрал ойлап тапқан жұмысын көрсетті. Осы мектептің 9 «ә» сынып оқушысы В.Иголькин балмұздақ, суши таяқшаларын пайдаға жаратып, құмыра т.б заттар жасады. №8 орта мектебінің 5-сынып оқушысы С.Тоғызбай қалдық заттардан қалам-қарандаш салатын құтыны таныстырды. Кітапханашы М.Үбайтжанова кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, қонақтарға бақытты отбасы болудың 100 принципі, америкалық қоғам қайраткері, жазушы Бенджамин Франклиннің 11 пайдалы кеңесі туралы қағидалардан тұратын брошюраларды сыйға тартты.
Үшінші дүңгіршекте «Ұшқыр ой мен шешен тіл» бөлімінде шешендік, айтыс өнерлерін насихаттау мақсатында қалалық №3 кітапхананың ұйымдастыруымен «Ұшқыр ой мен шешен тіл» атты айтыс өткізілді. Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары №4 орта мектебінің 10-сынып оқушылары Д.Нұртуған, А.Бақытжанов, К.Қаражан қатысып, Қазыбек би, Төле би, Әйтеке бидің бейнесін сомдап, билердің даналы сөздерін көпшілікке жеткізді. №2 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Д.Рахатова «Сәулем-ай» термесін орындады. Оқушылар сарайының ұстазы А.Керімбектің шәкірттері З.Жаңабаева, М.Әбдімұратова көрермендерді суырып салма айтыстарымен таң қалдырды.
«Библиоспорт» дүңгіршігінде қалалық №2 кітапхананың кітапханашысы Ш.Сәрсенбаева қазақ халқының ескі мұрасының бірі то-ғызқұмалақ ойынына жасөспірімдерді баулу мақсатында Аула клубының нұсқаушысы А.Үргенішбаевтың жетекшілігімен № 6 орта мектебінің оқушылары М.Арманқызы, Н.Зейнеш, Т.Болат, Ж.Баймұхановтар арасында тоғызқұмалақ, шахматтан сайыстар өткізілді.
Бесінші дүңгіршікте қалалық №2 кітапхананың кітапханашысы Р.Әбдікова «Кітапхана жаңалығы» атты тренинг ұйымдастырды. Арнайы үлкен қағаздан жасалынған кітап бетіне, кішкене кітапша түріндегі стикер бетінің бірінші бетіне соңғы айларда өз басынан өткен ерекше оқиға туралы, екінші бетіне өзінің болашақ армандап жүрген ойын жазып іледі де, оны неге жазғаны туралы қысқаша өз ойларын жеткізді.
Алтыншы дүңгіршек «Kovorking ortalygy»-да аудандық балалар кітапханасы кітапханашыларының ұйымдастыруымен «Баланың күлкісі — әлемнің сыңғыры» атты бөлімін «Анашым» әнімен №2 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Е.Ғанибет ашып, «Ертегілер» әнін А.Тәңірбергенова орындады. «Бауырсақ» ертегісінен көрініс қойылып, кейіпкерлерді аудандық балалар кітапханасы мен кітаппен қамту бөлімінің қызметкерлері, «Бауырсақты» №2 мектеп-гимназиясының 2- сынып оқушысы Н.Әбілғазиева сомдады. Ертегілер үзіндісінен көрермендерге сұрақ-жауап қойылып, ойын ойнатылды.
Шара соңында №2 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы М.Ақмырза «Тәуелсіздік» өлеңін мәнерлеп оқып, кітапханашы А.Тасқожина қатысқан оқушыларды марапаттап, сыйлықтар сыйлады.
М.БОҚАН.