«БАСТАУ-БИЗНЕС» ТҮЛЕКТЕРІ БАС ҚОСТЫ

Өткен аптада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шалқар ауданы филиалының мәжіліс залында «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік оқуын бітірген түлектер бас қосты. Онда кәсіпкерлікті ашу, кәсіпкерлікке шағын несие, грант алу және «Аtameken Aktobe» ЖШС микроқаржылық ұйымынан несие алуға қажетті құжаттар дайындау, сонымен қатар құжат тапсыру бойынша мәліметтер алу, салық басқармасының есептерін тапсыру мен несие, грант алған адамдардың тапсыратын есептері бойынша мәліметтер берілді.

Жиында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы Шалқар аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапин кәсіпкерлерге бүгінгі күні қандай көмектер беріліп жатыр, оның жолдары, туындаған мәселелерден шығу жәйттері жөнінде қысқаша тоқталды және кәсіпкерлерді жігерлі болуға, үлкен ықыласпен жұмыс істеуге үндеді.

— Егер несие немесе грант алсаңыз, оның қайтаратын мерзімі біткенше жеке кәсіпкерлікті \ИП\ жабуға болмайды. Осы арада кәсіпкерге көмек, қолдау керек болса біздің филиалға, аудандық кәсіпкерлік бөліміне келіңіздер, жолын айтамыз, қорықпай, қайтпай жұмыс істеу керек. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы  кәсіпкерлерге 12 ай кәсіпті сүйемелдеу көмегімен қатар қаржылай және қаржылай емес сервистік қызмет көрсетеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шалқар ауданының филиалында кәсіпкерлікті дамыту бағытында  салық есептілігін жүргізу /декларацияларды толтыру/, жеке кәсіпкерлікті ашу, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және басқа да ақпаратты тегін аласыз.   Қанша табыс тапсаңыздар да үкімет үш жыл салықтан босатып, үлкен көмек көрсетуде. Тек сіздердің төлейтіндеріңіз 8725 теңге, ол тек өздеріңіз үшін, олар: зейнетақы аударымы — 4250 теңге, әлеуметтік аударым — 1500 теңге, міндетті медициналық сақтандыру қоры — 2975 теңге, — деді Б.Анапин.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Қорқытұлы биылғы жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 80 адамға, «Бизнестің жол картасы» бойынша 10 адамға несие беріліп, олардың жұмыс істеп жатқанын айтты. Кәсіп ашамын деген жандарға облыс бойынша 150 миллион теңге грант бөлінсе, соған аудандардан, Ақтөбе қаласынан 360 адам қатысқан. Мәселен, біздің ауданнан 11 адам қатысса, үш адам 2-5 млн. теңге аралығында грант ұтып алды. Соның бірі — мүмкіндігі шектеулі Тайбек Өтегенов деген азамат.

— Міне, кәсіпкерлікті қолдау деген осы. Осындай қаржы облыстан келесі жылы да бөлінетін болады. Соған өтімді бизнес-жоспар дайындап қатысу керек. Кеше кәсіпкерлерді қолдау үшін Халық банкіне портфелдік қаражат бөлінді. Оған онлайн арқылы құжат дайындап тапсыруға болады, 5 миллион теңгеге дейін ала аласыздар, ол екі жылға 6 пайызбен беріледі, каникул жоқ. Ескеретін жағдай, банктен бұрынғыдай қолма-қол ақша ала алмайсыздар. Тек қана алатын дүниеңе аударым жасалынады, сұрақтарыңыз болса кәсіпкерлік бөліміне келіңіздер, — деді А.Қорқытұлы.

Шалқар ауданының «Бастау» жобасы бизнес-тренері Сәкен Құбайдуллин шалқарлық  кәсіпкерлердің ынталы, алға ұмтылуы жақсы екенін айтты. Мәселен, өткен жылы «Бастау» жобасын бітірген 31 адам несие алып, кәсіптерін бастап, облыс бойынша бірінші орынға шыққанын мәлімдеді.

— Биыл  «Аtameken Aktobe» ЖШС микроқаржылық ұйымы кештеу ашылды. Дегенмен, несие алуға құжат тапсырғандар, алаңдамаңыздар, себебі өткен жылдардағыдай несие беру жыл аяғында аяқталып қалмайды, ол алдағы жылдың наурыз айына дейін созылады. Және біз бизнес-жоспарларыңызды дайындауға, құжаттарыңызды сайма-сай етіп тапсыруға, өткізуге көмектесеміз, — деді С. Құбайдуллин.

Сонымен бірге бизнес-тренер несие пайызының қолайлы екенін, бастаған кәсіпті өрлетуге мүмкіндіктің мол екенін тілге тиек етті. Мәселен, 2 млн. теңге алсаңыз үш жылда үстіне 250 мың теңге қосып қайтарасыз, ол тегін емей немене, сондай ақша үш жылда инфляциямен де кетіп қалады. Ендеше, кәсіптеріңізді қорықпай істеңіздер, бұрын несие алғандар грант алыңыздар, грант алғандар несие алыңыздар. Оған құжат дайындап тапсырсаңыздар бізден көмек тегін, — деді ол.

С.Құбайдуллин «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 2-5 миллион теңге арасында грант алғандар үкіметтен үлкен көмекке ие болып отырғанына, бірақ ондай грант алу үшін бизнес-жоспар дайындағанда қолға алатын кәсіптің ерекше болуы керек екеніне тоқталды.

— Мәселен, сондай грантты Мәртөк ауданында екі адам алды. Себебі, атқаратын кәсіптері ерекше: біріншісі, қолдан мини трактор жасап шығарумен айналысып, шаруа қожалықтарына тапсырыспен аталған тракторларды жасап беріп жатыр, оны жалға да береді, екіншісі бал шаруашылығымен айналысып, кәсібін дөңгелентіп кетті. Осындай тың кәсіптерді қолға алу керек. Тағы да мысал келтірсем, «Бастау» жобасының бес жылдығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласында форум өтті. Онда кәсіпкерлердің жақсы істері көрсетілді. Оны онлайн арқылы еліміздің барлық кәсіпкерлерінің көруіне мүмкіндік болды, айтқым келгені, бір кәсіпкер ДЦП-мен ауыратын балаларға арнап түрлі емдеу кресло, жиһаздар жасаған, тренажорлық құрылғылар істеген, міне жаңашылдық. Кәсіпкер адам үнемі ізденіс үстінде болуы керек, — деді С.Құбайдуллин.

Сонымен бірге ол грант ойнататын компаниялардың көбейіп келе жатқанын айтты. Мәселен, «Асыл тас» деген қор 3-тен 5 миллионға дейін грант жариялап жатыр, «Кока-кола» компаниясы да гранттарды жиі ойнатады екен. Америка елшілігі де гранттар ұсынып тұрады, т.б. Және мал алып, өсіремін деп несие, грант сұраушылардың көп екенін тілге тиек етті. «Азық-түлік қауіпсіздігі үшін мал өсіру керек. Бірақ, ол кәсіпті ары қарай дамытқан дұрыс, конкурсқа түсіп жер алу керек. Шаруашылықты дамыту үшін жұмысшылар алған да дұрыс, бұл қолға алған қандай кәсіпке де тән нәрсе, өйтпесе іс өрге баспайды» деді ол.

Сондай-ақ, С.Құбайдуллин «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы шет елдермен бірігіп, түрлі маркетингтер ұйымдастырып келе жатқанын айтты. Сайтқа кіріп, тауарларды қалай тіркеп салу керек, саудаға қалай шығарған дұрыс т.б. осындай істерді үйреніп, әлемдік деңгейге шығуға ұмтылу керектігіне тоқталды.

— Кейбір кәсіпкерлер грантты алып алғаннан кейін чаттан шығып кетеді, бұл дұрыс емес. Біз осы ортақ чат арқылы кәсіпкерлік саласына байланысты өзгерістерді, жаңалықтарды жеткізіп отырамыз. Түрлі пайдалы сабақтар өткіземіз, салық жағынан сұрақтар болса, оған жауаптар беріледі, қысқасы сіздерді сүйемелдеп отырамыз. Тағы да бір ескертерім, грант алғандар  бір жылға дейін ЖК(ИП)-сын жабуға болмайды. Сондай-ақ, несие қайтаруының уақыты 5 жыл немесе 7 жыл болса, соған дейін ЖК (ИП)-ны жабуға болмайды,— деді ол.

Және бизнес-тренер залда отырған барлық кәсіпкерлердің көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауаптар берді. Жиыннан соң жеке қабылдаулар өткізіп, несие алу үшін құжаттарды  тапсырудың, бизнес-жоспарларды қалай жасаудың, т.б. жолдарын айтты.

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».