ЛӘҢГІ ТЕБУ ДЕ БІР ӨНЕР

Бұрын бала біткеннің барлығы жер аяғы кеңісімен доп қуып, асық ойнап, ләңгі теуіп, бар уақытын тыста өткізетін. Қазір  бәрі керісінше …  Дәуірлеген технологияның тілін тез түсініп алатын жас ұрпаққа бұрынғы ойындарымыздың қадір-қасиетін ұғындырудың өзі — өзекті мәселеге айналғаны шындық.

«Тәрбие —тал бесіктен» дейміз. Осыны бағдар еткен №1 мектеп – гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі   Ақзира Ахетова ұдайы қызықты шаралар ұйымдастырып, шәкірттерінің көкжиегін кеңейтіп жүреді. Аталған мектеп – гимназияның 3 «а» сыныбына жетекшілік ететін Ақзира Төлеужанқызы кезекті тәрбие сағатына ер балалардың әкелерін қатыстыра отырып, тарихы тамырлы, бірақ тасада қалып бара жатқан ләңгі тебу ойынынан сайыс өткізді. Онда ләңгінің оқушылардың шымырлығын, ой-өрісін қалыптастырудағы маңыздылығы айтылды. Әкелер ұлдарының алдында балалық шақтарын еске түсіріп, ләңгі теуіп, бір серпілді. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, ләңгі тебу сайысынан жүлделі орындарды иеленген Қайрат Жұмасейіт оқушылар алдында бұл ойынды ойнаудың ғажайып үлгісін көрсетті.

 —  Ләңгі ойынының тарихы әріден басталады. Әу баста орталық Азиядағы көшпенді тайпалардың арасында пайда болды деген де деректер бар. Үнемі ат үстінде жүретін жауынгерлер бұны дене шынықтыру ретінде де ойнап, тақым мен аяқты шынықтыруға таптырмайтын тәсіл деп бағалаған деседі. Кейіннен ережесі бар сайысқа айналып, уақыт ағымымен  қазақ халқы ойындарының да қатарына қосылған екен. Ләңгі баланың есептеу қабілетіне де пайдалы. Өйткені әр бала ләңгіні жерге түсірмей тепкен көрсеткішімен жеңіске жететіндігін білгендіктен, намысқа тырысып, саннан жаңылыспауға тырысады екен. Тәрбие сағатында балаларға осындай мағлұматтар беріліп, әке мен ұл арасындағы байланыстың керемет көрінісі туды.

Тәжірибелі ұстаз Ақзира   Төлеу-жанқызы «бұл ойын осы жерден шектелмесін», деп барлық оқушы ер балаларға ләңгі таратты. Уыз жанар-ларға қалта телефон, өрісіне түрлі жаһандық ойындар қауіпті болған тұста бастауыш мұғалімінің бұл қадамын қуана құптайсың.

М. БОҚАН.