«Кітап — білім бұлағы», адамзатты тәрбиелеудің өткір құралы. Кітап оқымаған адамның рухани жан дүниесі тоқырап, күйзеліске ұшырайтыны шындық. Мұндайда қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене қоймайтын, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Осы ретте еңбегі ерен әріптес кітапханашылардың бірі Разия Өтегенқызы туралы айтуға болады. Ол Шалқар қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі. Әріптесімді кітапханашылар мерекесімен құттықтай отырып, тілдескен едім.
— Кітапхана саласында еңбек етіп келе жатқаныма отыз бес жылға аяқ басты. Оқу орнынан алған білімімді, осы саладағы іс-тәжірибемді халыққа қызмет етудің сара жолы деп түсінемін.
Талай-талай ұлы тұлғаларымыздың еңбектерін оқырманға ұсыну, насихаттау біздерге жүктелген. Кітапты халыққа бір табан болса да жақындатамыз. Әсіресе, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі саф алтындай танымдық кітаптарды, тәрбиелік маңызы бар әдебиеттерді өскелең ұрпаққа жария етіп, ұсынуды өз басым басты борышым деп түсінемін. Сондай-ақ жыл он екі ай ішіндегі атаулы күндерге арнайы жоспарлар жасап, үгіт-насихат, қоғамдық шаралардың бел ортасында жүретін кітапханашылардың да өзіндік іс-қимыл, қыз-ғылықты әрекеттері бар. Қоғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында кітапханада оқырмандар конференциясы, кітап көрмелері, әртүрлі кештер т.б. көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылады. «Оқитын өлке», «Бір ел — бір кітап» акциялары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізі-леді.
Сондай-ақ Ақтөбе өңірінде дүниеге келген атақты адамдардың есімі ұмытылып қалмай, оны жас ұрпаққа жеткізуде де көп еңбектер жасалуда.
Қазіргі уақытта кітапханашының қызметі мүлдем өзгерді деуге болады. Қоғамда кітапханашы беделі жоғарылап, мәртебелі мамандық ретінде танылып келеді. Алайда заман ағымына сай кітапхана қызметін пайдаланушылардың интеллектуалды деңгейі мен сұраныстары өте күрделі. Бүгінгі кітапханашы — менеджер, ол — бағдарламашы, ол — психолог, бірнеше саланы меңгерген, дәлірек айтқанда, кітапхана ісінің дамуын алға жылжытатын, қызмет көрсетудің әдіс-тәсілін қалыптастыратын білікті маман болуы шарт. Web-беттер құра алатын, әрі жаңарта алатын мамандарды дайындау қажеттілігі бар. Сондықтан кітапхана оқырман-пайдаланушыға дәстүрлі қызмет көрсету әдістерімен қатар, ақпараттық ресурстардың электрондық орталықтарына айналуда. Біз де бүкіл өркениетке үлгі боларлық жастарымызды тәрбиелей алсақ, тәуелсіздігіміздің ертеңі де нұрлы боларына толық сенемін. Тек талапты жастарға биік талғаммен білім бере білейік, — деп түйіндеді әңгімесін Разия Бегетаева.
Білімнің екі қайнар көзі бар: бірі өмірдің өзі, екіншісі кітап. Бұрын да, қазір де осындай, болашақта да солай қала бермек. Біле білген кісіге нағыз кәсіби кітапханашы ұстазбен тең. Алайда, ондай деңгейге жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жақсы кітапханашы болу үшін біліктілік те, төзімділік те қажет. Кітапханамызда осындай рухани биікке жеткен еңбекқор жандар аз емес. Разия Өтегенқызына шығар биігіңіз әлі алда, сізге Алла қуат берсін, еңбегіңізді ел бағаласын дегеннен басқа айтарым жоқ.
Жұмабай ӘБІШЕВ, Тоғыз ауылдық кітапханасының кітапханашысы.