ТАҒДЫР ТЕЗІНЕ МОЙЫМАҒАНДАРДЫҢ ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҒЫ

«Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Артур» кафесінде «Мен өмірге құштармын» атты мерекелік шара өтті. Тағдырдың жазғанына мойымай, ертеңіне мұқалмас жігермен қарайтын қайсар жандар жиылған жиынға аудан әкімі Жанболат Жидеханов та қатысып, оларды төл мерекелерімен құттықтады.

— Бүгінгі басқосудың мәні бөлек. Сіздер өмірге құштарлық танытып, ерік-жігер болса, алынбайтын қамалдың жоқтығын көпке дәлелдеп жүрген жансыздар. Мемлекетімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық әрдайым жасалып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен қыркүйек айындағы Жолдауында да осы санаттағы жандарды қолдау жайы кеңінен айтылды. «Қазақстан — әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету — басты міндеттердің бірі», дей келе, бұл топтағы адамдарға әлеуметтік көмекті әділ ұйымдастырудың, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық көріністің белең алмау қажеттігін нақтылап айтқан еді. Бұдан түйетініміз — тағдыр ауыртпалығын арқалаған жандар әрдайым қоғамның назарында болып, мемлекеттен қарастырылатын түрлі қолдауларға ие болуға құқылы. Бұл ретте ауданымызда арнайы бағдарламалардың шарапатына кенеліп жүрген азаматтарымыз баршылық,— деді аудан басшысы өз сөзінде.

Тағдырластарына алаңдап,  аудан орталығынан қоғамдық бірлестік құрып, тек қана мүмкіндігі шектеулі жандармен ғана емес, өлкеміздегі қоғамдық іс-шараларға да белсене атсалысып жүрген, бірінші топ мүгедегі Ерлан Алдашев аталған бірлестік атынан бірқатар жандарға Құттықтау хаттар мен сыйлықтар табыстады.

— Бүгінгі күні аудан бойынша 1040 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Өзім құрған «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігі солардың айтарына құлақ түріп, қолдау білдіріп, жол көрсетуді көздейді. Жыл сайын осы мазмұндас шараларды өткізіп жүрміз. Мүгедек жандардың жол қатынасын жеңілдету үшін Шалқар қаласы бойынша инватакси қызметін ұйымдастырдық. Аталған бірлестік ғимаратында мүгедектер үшін массаж алу, оқу кабинеттері, тұрмыс- тық техника жөндеу шеберханалары бар.

Мүгедек жандар да қоғамның бір мүшесі. Бәрімізде жақсылыққа кенелгіміз келеді. Ал жақсы өмір сүріп, ел қатарлы ойлау үшін ең бірінші бойдан өмірге құштарлықты жоғалтпауымыз керек, — дейді «Шалқар саясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Итжемес-ұлы.

Аудан көркемөнерпаздарының жыр-шашуымен шырайланған мерекелік дастархан барысында сый-сияпатқа ие болған жандардың бірі, екі қолынан айырылған бірінші топтағы мүгедек Тайбек Өтегенов деген азамат. Жанұясы бар, қырыққа иек артқан Тайбек ойда жоқта өзіне тағдыр салған таңбаны ойлап, іштен тынып жүруді жаны қаламайды. Ол соңғы жылдары кәсіпке бет бұрып, қол-аяғы сау, бірақ жұмыссыз жүретіндерді қамшылап келген еді. Жуырда  «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін 2 млн. мен 5 млн. теңге аралығындағы қайтарымсыз грантты ұтып алды. Енді Шалқарда сирек кездесетін кәсіп —құс шаруашылығын дамытқысы келеді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар басқосқан мерекелік дастархан басында осындай жігерлі жандардың батыл қадамдары жайлы келелі әңгімелер өрбіді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.