ЕСКЕРТКІШ ОРНАТУ — ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ

Еліміздің азаттығы үшін атқа қонып, дұшпанымен тойтарыста тайсалмаған халық батырларының тарихымыздан алар  орны бір бөлек. Егемендікке қол жеткізіп, етек-жеңімізді жиған тұста бабалар рухына тағзым етіп, өшкенімізді жаңғыртып, елдік істерді қолға алғанымыз өткен күндер парағында жазулы тұр. Тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде халық Ұлт-азаттық көтерілісінің көрнекті тұлғасы Есет Көтібарұлындай батырын ұлықтап, Есет-Дәрібай кесенесін тіктеп, игілікті іс тындырған еді. Одан бері де батыр бабаларымыздың есімін ұлықтау бағытында түрлі бағдарлы шаралар қолға алынды.

Осыдан бірер жыл бұрын халық батыры Есет Көтібарұлына арнап облыс орталығынан ескерткіш орнату мәселесі көтерілген болатын. Бұл бастама көпшіліктің қызу қолдауына ие болды.

2017 жылдың қазан айында облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комиссияның отырысында Ақтөбе қаласынан Есет батыр Көтібарұлына ескерткіш орнату туралы ынталы топтың ұсынысы мақұлданды. Келесі жылы бабаның ескерткішін Ақтөбе қаласында орнатуға жер берілуін сұрап, сол кездегі Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа бірнеше хат жолдағанбыз. Осыған байланысты жер қатынастарын реттеу және жер учаскесіне құқық беру жөніндегі комиссиясының 2019 жылы 5 сәуір-дегі №12 қорытындысы негізінде Ақтөбе қаласындағы К.Нокин мен Д.Қонаев көшелерінің қиылысында Есет Көтібарұлы ескерткішін орналастыру үшін жер учаскесі берілді. 2019 жылы «Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қоры құрылды. Алматы, Ақтөбе қаласындағы Шалқар өңірінің еңбек және тыл ардагерлерімен, зиялы қауыммен, азаматтарымен кездесу өткіздік. Шалқар ауданының сол кездегі әкімі Бауыржан Қаниевке жолығып, аудан активімен, еңбек ардагерлерімен жүздестік. Кездесу барысында жиналған ағайын Есет батырға облыс орталығынан қойылатын ескерткішті қолдайтындығын білдірді. «Есет батыр Көтібарұлы» атындағы қоғамдық қорға қаржы салушылардың үлесі туралы аудандық «Шалқар» газетінің бетінде жарияланып келеді.             

Енді сіздерге осы ортақ шаруаның барысы жайында мәлімет бөлісуді жөн санадық. Осы жылдың 19 сәуірінде  «Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қоры атынан облыс әкімінің атына өтініш-хат жаздық. Ол хатта 2019  жылы Ақтөбеде, Нұр-Сұлтанда өткен комиссия отырысында мақұлданған мүсінші Ж.Жұбанқостың қола материалынан (50 миллион теңге) құйылатын эскиздік жобасының қымбатқа түсетінін айтып, қазіргі таңдағы пандемия салдарынан қаржы жинау мүмкіндігінің қиындығына байланысты, сол конкурстарға қатысып, екінші орын алған бағасы төмен (мыс материалынан) жасайтын мүсінші Ә.Ахметовке беру туралы өтініш білдірген едік. Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігінде ескерт-кіштерді қарайтын арнайы комиссия отырысы болып, біздің ұсынысымыз қаралып қабылданды. Бұл қола материалынан екі есе төмен болғалы тұр.

Осыған байланысты, Ақтөбе облысы әкімдігі 2021 жылдың шілде айының 1 күні  Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдап, Қазақстанда орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияда Есет батыр Көтібарұлына арнап ескерткіш орнату мәселесін қайта қарау сұралды. Осының негізінде, Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы мүсінші Ә.Ахметовтың Есет батыр Көтібарұлы ескерткішінің эскиздік макетін Нұр-Сұлтанға комиссия отырысына жіберді. Жақында республикалық комиссия отырысында скульптор Ә.Ахметов жасаған Есет Көті-барұлының эскиздік макеті қаралып, оны әлі де көркемдеу керектігін айтқан болатын. Қазіргі уақытта, осы бағытта скульптор Ә.Ахметов жұмыс жасауда. Макет дайын болғаннан кейін, қайтадан Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы арқылы республикалық комиссия отырысына жіберіледі. Онда, комиссия мүшелері эскиздік макетті қолдап, бекітсе, мүсінші Ә.Ахметов ескерткішті (қола материалынан) жобада (ПСД-ЖСҚ) көрсетілген өлшемдерімен жасауға кіріседі. Және де ескерткішке байланысты мынандай іс-шаралар жасалды:

1) 2020 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе қалалық мәслихаты сессиясының отырысында 2021 жылға Есет Көтібарұлы ескерткішінің астындағы тұғыры мен т.б. жұмыстарына бюджеттен 36 700 000 теңге бөлінді.

2) 2021 жылдың басында Есет Көтібарұлы ескерткішінің астындағы тұғырының ЖСҚ (жобалық-сметалық құжат) дайындау үшін: а) тендер жарияланды, мерзімді уақыты бір жарым-екі ай шамасы. б)  тендерді жеңіп алған мекеменің ЖСҚ дайындауға 2-3 ай мерзімді уақыты кетті. в) Жасап дайындалған Есет Көтібарұлы ескерткішінің астындағы тұғырының (постаментінің) сметалық құны  36 700 000 теңге.

3) ЖСҚ экспертизадан өткізу үшін: а) тендер жарияланды, уақыты бір жарым-екі ай шамасы. б) жеңіп алған мекеменің ЖСҚ-ны экспертизадан өткізуге жіберілген мерзімді уақыты-2-3 ай, в) ЖСҚ-ның жасалу құны — 1 200 000 теңге (үкімет қаржысына жасалды).

4) Ақтөбе қалалық мәслихатының сессиясы осы жылдың 1 қыркүйегі күні өтіп, онда 2021 жылдың аяғына дейін Есет батыр Көті-барұлы ескерткішінің тұғырын салуға  10 000 000 теңге бөлінді.

2021 жылы Ақтөбе облысы Мәдениет бас-қармасының жанындағы тарихи мұраны қорғау, зерттеу және қалпына келтіру инспекциясының мамандары «Есет-Дәрібай» кесенелер кешенінде болып, өлшемдерін жасап, жаңадан паспортын дайындады. («Есет-Дәрібай» кесенелерін алғашқы рет белгілі архитектор Т.Бәсеновтың басшылығымен 1944 жылы зерттеп, паспортын жасаған, ғылыми айналымға енгізілген. 1977 жылы РСНРПМ «Казреставрация» мекемесі тарихшы, археолог С.Ажигалиев басшылығымен «Есет-Дәрібай» ескерткішін зерттеу (фотофиксация и обмер) жүргізіп, өзінің алдындағы Т.Бәсеновтың зерттеу еңбектеріне сүйенген.). Жақында «Есет-Дәрібай» кесенелер кешеніне, ескерткіш туралы арнайы мәлімет алу үшін QR–код қондырылды. Алдағы уақытта «Есет-Дәрібай» кешені үкімет қарауына алынатын болады.

Осы жылғы қазан айының 5 күні Ақтөбе қалалық құрылыс мекемесі Есет Көтібарұлы ескерткішінің тұғырын салуға тендер жариялады. Тендердің жоспарлы жүру уақыты бір жарым-екі ай шамасында. Тендерді жеңіп алған құрылыс мекемесінің ескерткіштің тұғырын салатын жоспарлы уақыты 2-3 ай шамасы. Осыған байланысты биыл алдымызда келіп қалған қыс айларына байланысты ескерткішті салып үлгере алмайтындығымыз белгілі болып тұр. Сол себептен, алдағы ауа-райының қолайсыздығына байланысты ескерткіштің астындағы тұғырын (постаменті, төсеніш плиткалары, орындықтары, жарық желісі, гүлзарлар орны, автотұрағы т.б.) салуға бөлінген қаржы толық игерілмей қалатын болған соң, қалған қаржысы келесі жылға қалдырылды. Халқымыз қашан да ортадан  шыққан бірегей тұлғаларын бөліп қарамаған. «Халықтікі, елдікі» деп үлгілі жолын, ерлік ісін кейінгі ұрпаққа насихаттаған.

Қадірменді ағайын, сіздерді, халқымыздың әйгілі батыры, биі, әрі әулиесі Есет Көтібар-ұлының рухы әрдайым жебесін. Бабаны ұлықтау мақсатында жүріп жатқан ортақ іске жекелей, ұжымдай қосқан үлестеріңізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Басталған елдік істің абыроймен аяқталуына жұртшылық бей-жай қарамай, үлестерін қосатынына біз бек сенеміз.

 «Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қордың есеп-шоты:

«Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қоры: АО «Народный банк Казахстана»  БИК Банка: НSBKKZKX,  ИИК: КZ586010121000119231  БСН: 191040007775. Тел: Ақтөбе 21-56-52, 8-777-158-8977, 8-778-361-8516, 8-776-840-9269, 8-701-522-5285.

Аманғали МУХАМБЕТУЛИН,

«Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қор төрағасы.