ЕЛ ЫРЫСЫ — ТӨРТ ТҮЛІК

Тәуелсіздік жылдары мемлекет тарапынан ауылшаруашылығының жекелеген салаларын дамытуға бағытталған ондаған кіші бағдарламалармен қатар, жалпы агроөнер-кәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды қолдауды мақсат тұтқан үлкен бағдарламалар қабылданып, ауылдарымызды жаңа белестерге көтеріп келеді. Ауданның негізгі саласы мал шаруашылығы болып есептеледі. Бұл салаға мемлекет тарапынан айрықша назар аударылуда. Осы бағытта ауданымызда жақсы нәтижелер де бар.

Үстіміздегі жылдың қазан айына ауданның барлық меншік түріндегі шаруашылықтарында  мүйізді ірі қара — 48248 бас,  қой-ешкі — 125022 бас, жылқы — 34000 бас, түйе — 13036 бас болып, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда ірі  мүйізді қара — 105,  қой-ешкі — 103, жылқы — 110, түйе — 101 пайызды құрады. Сонымен бірге  7047,2  тонна  ет (тірілей салмақта),  12321,3 тонна  сүт,  440,5 мың дана жұмыртқа өндіріліп, өткен  жылға қарағанда ет өндіру 106, сүт өндіру 102,  жұмыртқа өндіру 110 пайыз болды.

Аудан бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 12 трактор, 36 мал азығын дайындайтын ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасымен 27 ауылшаруашылық құрылымдары 542 бас МІҚ, 6 ауылшаруашылық тауар өндірушілер 1200 бас қой сатып алды.

Ақтоғай ауылдық округіне қарасты «Асылхан» шаруа қожалығы құны 110,0 млн. теңгеге Ресейден 200 бас асыл тұқымды ақбас аналық сиырларын әкелді. Шалқар ауылдық округіне қарасты «Ерлат» шаруа қожалығы Қостанай облысынан 30,0 млн. теңгеге 50 бас асыл тұқымды МІҚ малын сатып алды.

Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Нұралы» шаруа қожалығының 650,0 млн. теңгеге Ресейден 1000 бас асыл тұқымды мал сатып алуға несие құжаттары мақұлданып, қазіргі таңда несие қаражатын күтуде.

«Әділ-Жан-Би-Әлібек» шаруа қожалығы құны 25,0 млн. теңге болатын жылдық қуаттылығы 36 тонна ет өңдеу цехы құрылысын салып аяқтады. Бүгінгі таңда жұмыс жасап тұр, сондай-ақ құрал-жабдықтарын сатып алды. Цех толық іске қосылған уақытта ет өнімдері өңделіп, жартылай фабрикат күйінде шығарылып, Ақтөбе қаласы мен қаладағы сауда ұйымдарына өткізіледі. Шығарылатын өнім түрлері: тұшпара, манты, тефтелий, т.б. жартылай өңделген фабрикаттар.

Аудандағы шаруашылықтар барлығы 100 бас асыл тұқымды қошқар, 182 бас асыл тұқымды бұқалар әкеліп, мал басын асылдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жылы «Баубек» шаруа қожалығы 20 бас бие сауып, қала тұрғындарын қымызбен қамту үшін қымызхана ашты.

Алыс жайылымдарды суландыру бағытында ауданымызда 58 дана ұңғымалы құдық қаздырып, жұмыстар толыққанды аяқталды. Аудан бойынша  234500 тонна шөп дайындалып, қыстақтар мен тұрғындар ауласына тасылды. Мал азығын дайындау жұмыстары әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар 153,1 га. жерге картоп, 244,6 га. жерге көкөніс өнімдері, 162,3 га. жерге бақша өнімдері егіліп, картоптан 1990,3 тонна, көкөніс дақылдарынан 3742,3 тонна және бақша дақылдарынан 2678 тонна өнім жиналды.  

Осы орайда ауылшаруашылығы еңбеккерлерін алда келе жатқан төл мерекелерімен құттықтаймын. Әлемді жаппай жайлаған індет салдарынан туындаған уақытша кедергілерді ауызбіршілікпен жеңіп, ата кәсібіміз төрт түлігімізді өсіріп, ауданымыздың әлеуетін молайтуға шақырамын.

Айбек СЕМБАЙ,

аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы.