Жаңақоныс ауылдық округінде «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әлемде жаппай етек алған пандемия кедергілеріне қарамастан ауыл азаматтары қайырымдылық істерде алға шығып, туған мекен келешегі үшін үлгілі істерді қолға алуда. Ауылдағы орта мектепті осыдан 30 жыл бұрын бітірген түлектер, яғни 1973 жылы туылған азаматтар бірігіп округ орталығының кіреберісіне жас жұбайлар аялдайтын киіз үй тәрізді «Келінтөбе» орнатқан.
Ауыл жастарының бастамасымен және тікелей демеушілігімен «Туған өлкем — Аққайтым» деп жазылған үлкен стелла жасалған.
Осы көрнекіліктің ашылу салтанаты да жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Ауыл-дастар басқосқан қуанышты шарада Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі Манас Каюпов пен еңбек ардагерлері туған мекен үшін жасалып жатқан игі істерге өз ризашылықтарын білдіріп, «жастарымыз ауызбіршілікпен алда да толағай істер тындырсын» деп баталарын берді.
Шара аясында спорттық сайыстар өткізіліп, жастар гір тасын көтеру, шағын футбол ойындарынан өзара бақ сынасып, жеңімпаздар Мадақтама қағаздар мен арнайы тағайын-далған сыйлықтарға ие болды. Ал бүлдіршін-дер тегін балмұздаққа кенеліп, шаттыққа бөленді.
—Тәуелсіздіктің 30 жылдығына біздің ауыл жоғары деңгейде жетіп отыр. Осы жылдары Аққайтымда үлкен жұмыстар жасалып, елді мекен келбеті өзгерді десек те болады. Ең бастысы — азаттықтың арқасында тұрғындарға қолайлы жағдайлар туды. Ауылдың инфрақұрылымдық жүйесі жаңарды, аналарымыз тезек жинап, күл шығаратын батпан бейнеттен құтылып, көгілдір отынға қол жеткізді, ауыз судың игілігін тұрақты көре бастады. Аудан орталығына тақтайдай тегіс тас жол төселді, ұялы байланыс орнатылды.
Бажайласаң, бұның барлығы кешегі арқыраған кеңестік кезеңде ойға да алынбаған шаруалар. Сондықтан біз Тәуелсіздіктің әр күнін қадірлеп, мемлекетіміздің алға қойған әр жоспарының артында елге ортақ осындай береке бар деп тек жақсылықты күтуіміз керек. Әсіресе, болашақ жастар осыны тереңірек ұғынғандары дұрыс,— дейді аталған округ әкімі аппаратының бас маманы Мырзаш Шөкенов.
Бұл округке Аққайтым, Қопасор ауылдары қарайды, жалпы халық саны — 702-ні құрайды. Мал шаруашылығымен 56 шаруа қожалығы айналысады.
М. БОҚАН.