Орманшылардың төл мерекесі қарсаңында қаламыздағы «Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінде ұжым мүшелері бас қосқан жиын өтіп, оның барысында ұзақ жылдар осы салада еңбек етіп келе жатқан орманшылар марапатталды. Аталған мекеменің басшысы Исатай Көмекбаев сөз сөйлеп, еліміз бойынша орман шаруашылығын ілгерілетуге оң қадамдар жасалып жатқандығын жеткізді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде мемлекеттік орман қорын ұлғайтуға байланысты нақты жұмыстар қолға алынуда. Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жақын арадағы 5 жыл ішінде орман алқаптарына 2 миллиард, елді мекендерге 15 миллион ағаш егілетіндігін, ол жұ-мыстардың еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізетіндігін айтқан болатын.
Соңғы жылдары орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше ден қойылуда. Жаңадан арнайы шаруашылық техникаларын алып, техника паркін жаңартқандардың қатарында біздің мекеме де бар. Қосымша трактористік штаттар ашылып жатыр. Әрине бұндай қолдаудың артында үлкен жауапкершілік тұрғаны айқын.
Қазір тәлімбағымызда 17 ағаштың түрі бар. Ол елді мекендерді абаттандыруға беріледі. Бұрын «Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінің Боташ бөлімшесіне 100, 160 га. жерге сексеуіл тұқымын егетін болсақ, келер жылы оның ауқымы 530 га. дейін, одан кейінгі жылдары да көбейіп, 2015 га. дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұндай ауқымды жұмыстар ауызбіршілігі мол, өз ісінің майталмандары бас қосқан үлкен ұжымның табанды еңбегінің арқасында еңсерілетіні сөзсіз,— деді мекеме директоры Исатай Көмекбаев.
Осы орман шаруашылығында ұзақ жыл еңбек еткені үшін Елжан Бекмағанбетов II дәрежелі салалық «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Әмірхан Тақаев, Әбдіқалық Айтығұл, Тыныштықбай Бисеналин, Күлғасыл Тұрлаевалар III дәрежелі салалық «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Саян Якименко, Ғани Досмұханов, Еркен Елекбаев, Аманбек Қалдыбаев, Жұматай Досановтар Құрмет грамоталарына ие болды. Мереке қарсаңында Ақтөбе облыстық кәсіп-одақ ұйымы тарапынан еңбектері еленген қызметкерлер бір-бірін құттықтап, үлкен әсерге бөленді.
М.МЫРЗАЛИН.