Жақында аудандық жастар ресурстық орталығы мен Мөңке би ауылдық округі әкімі аппараты бірлесіп, Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында «Есімі өшпес — өр тұлға» деген тақырыппен Ақтан Ақайұлы кесенесіне тағылымдық саяхат ұйымдастырылды. Бұл шараға аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары мен Қауылжыр, Ақтоғай, Бершүгір және Мөңке би ауылдық округінің белсенді жастары қатысты.
Ақтан Ақайұлы — XVIII-XIX ғасырда қазақ халқының тәуелсіздігі жолында аянбай күресіп, бар өмірін ат үстінде өткізген қазақ батырларының бірі. Хиуа, Қоқан хандығының шапқыншылығына, орыс патшаларының отарлау саясатына қарсы күрескен атақты қолбасшы Жанқожа Нұрмағамбетұлының сенімді серігі, бас батыры болған. Ол 1770 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Арықбалық ауылында дүниеге келген. Ақтан батыр өмірінің соңғы кезеңін Ақтөбе өңірінде өткізіп, 1854 жылы 84 жасында қайтыс болған. Бейіті Шалқар ауданының Бершүгір стансасынан отыз шақырым қашықтықтағы Тебенсайдың Ақтан-Садық жерінде.
Жастар осы батыр бабаның кесенесіне барып зиярат етіп, рухына Құран бағыштады. Ауыл тұрғыны Сматулла Ноғайқұлов Ақтан батыр туралы ел аузында жүрген ерлік істерін айтып, жастарды еліміздің қорғаны, Отаншыл болуға шақырды.
— Ауданымызда ескіден сыр шертер тарихи орындар жетерлік. Сол киелі жерлерімізді көзбен көріп, танысу мақсатында Ақтан Ақайұлы бабамыздың кесенесіне келіп, батырдың даналығы, өршіл рухы мен күрескерлігі жөнінде құнды мәліметтер алдық. Біз секілді жастарға рухани, тәрбиелік мәні зор шара болды, — деп, Бершүгір ауылының белсенді жасы Айнагүл Атаева өз әсерімен бөлісті.
Одан әрі қарай жастар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылда бой көтерген бірқатар көрнекі орындарды аралап, естелік суреттерге түсті.
Бұдан соң ауылдық клубта «Өнерлінің қолы алтын» тақырыбында ауыл тұрғыны Айгүл Әлібекова қыз-келіншектерге шеберлік сабағын өткізді. Ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар тігуді үйретіп, шеберліктерін шыңдады. Жастар орталығының инспекторы, «Шалқар еріктілері» тобының жетекшісі Ә.Нағашыбаев ауыл жастарын волонтерлік қызмет туралы және алдағы атқарылар жұмыстармен таныстырып өтті.
Орталық психологі Л.Есмағамбетова «Жаңғыру жолындағы жас маман» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырды. Тренинг барысында қызықты ойындар мен түрлі жаттығулар жасау арқылы жастардың өзіне деген сенімін арттыруға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға септігін тигізді.
Шара соңында ауыл әкімі Нұрбек Бисеков жастар қашан да қоғамның қозғаушы күші екенін айта келе, «Есімі өшпес — өр тұлға» атты шараға белсене атсалысқаны үшін ауыл жастарын Алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кетейік, бұл шара алдағы уақытта ауданымыздың барлық округтерінде жалғасын табатын болады.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ,
«Шалқар».