Еліміздің барлық өңіріндегі кітапханалармен қатар, Шалқар қаласындағы №2 қалалық кітапханада да «Парасат жолы» жаңа орталығы ашылған болатын.
Жобаның негізгі мақсаты – ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, қоғамдағы парасаттылық идеологиясын ілгерілету, адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үндеу болатын. «Парасат жолы» жобасының мақсаты сыбайлас жемқорлық, қоғамда кездесетін түрлі зиянды әдептердің салдарлары емес, түпкі себептерімен, түп санамен күресуден басталуы керек. Кез-келген өркениетті қоғамның дамуына адамдардың, жеке тұлғалардың білімі, парасат, пайымы әсер етеді. Бұл жобаның басты орталығы кітапхана болуы да кездейсоқ емес. Себебі кітапхана білімнің, парасаттылықтың, адалдықтың бастауы болатын зиялы қауымның, ақын-жазушылардың, философтардың ой-пікірлері хатқа түскен киелі орта. Соларды тану арқылы, сол адамдардың ұстанымдары арқылы адамда пікір қалыптасады.
Біздің «Парасат орталығындағы» жұмысымызда осы бағытта жұмыс жасап жатыр.Осы жобаның ашылуына орай «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Жарылқасын Шамбалаевпен «Парасат жолы» — құрмет пен сенім» атты онлайн-сұхбат өтті. Онлайн-сұхбатта сыбайлас жемқорлықтың себептері мен салдарлары, ел экономикасының дамуына келтірер зияны туралы деректер келтіріліп, жеке тұлғаның білім, парасат, пайымы арқылы келеңсіздіктерге жол бермеуге болатындығы туралы кеңестер айтылып, жастарға білім алуды, үнемі ізденісте болу заман талабы екендігі туралы кеңестерімен бөлісті.
Мемлекеттің дамуында бармақ басты әрекетті, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
«Парасат жолы» орталығының үйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықпен күресу—баршамыздың міндетіміз» атты офлайн-сұхбат өтті. Сұхбатқа аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Жайлыбай Айымбетов қатысып, құқық қорғау саласының тәжірибелі маманы ретінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары мен қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктермен күресу жолдары туралы кеңес берді.
Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды»- деп, ұлт болашағын ұлттық мектепте, ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін көрсеткен болатын. Осы орайда Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Шалқар аудандық аналар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Өрік Наурызғалиева қатысуымен «Әдептілік-әдемілік белгісі»-атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелде шара қонақтарымен пікір алысу барысында әдептілік нормалары мен адамгершілік, имандылық қасиеттердің қалыптасу жолдары туралы айтылып, адам бойындағы жағымсыз қылықтармен күресу жолдары туралы кеңестер айтылды.
Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі.
Қазіргі кезде «Жастар – еліміздің болашағы» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы, Отанымыздың ертеңгі тағдыры өзіміздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. Ендеше мына өтіп жатқан жаһандану, ғаламдану үрдістеріне жұтылып, ұлт ретінде жойылып кетпейік десек ұлымызды рухты, қызымызды ғұрыпты етіп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелейік десек парасаттылықты, адалдықты санамызға сіңіріп, білім алудан, оқудан жалықпайық.
Р.ӘБДІКОВА, Шалқар қаласы