«Қазхром» қызметкерлері ауыл балалары үшін 350-ден астам сөмке жинап берді. Бұл игі бастаманы компанияның басшыларынан бастап, қарапайым жұмысшыларға дейін қолдады. Цехтар ұжымы иыққаптармен қоса қажетті мектеп құрал-жабдықтарын сатып алып берді. Мәселен, «Қазхром»ТҰК» АҚ президенті, «Nur Otan» фракциясынан облыстық мәслихат депутаты Арман Есенжолов Қобда, Ойыл мен Шалқар аудандарының 30 баласын мектепке дайындады. Сөмкеден бөлек, балалар оқуға қажетті басқа да құрал-жабдықтар алды.
Міне, үш жыл қатарынан облыстық мәслихат депутаты, «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов шалқарлық балаларға қамқорлық көрсетіп келеді. Бәрі 2018 жылы басталды, сол кезде ол 10 баланы аудандық білім бөлімінің мамандарымен бірге, Ақтөбе қаласына қонаққа шақырды. Олар планетарий, ойын-сауық пен батут орталығы, кинотеатр мен аттракционға барып, демалып қайтты. Әр балаға мектеп құрал-жабдығының толық жиынтығы, планшет, спорт киімі, оқу формасы, екі дана аяқ киім, ойыншықтар табысталды. Олардың кіші іні-қарындастары да сыйлықтар алды. 2020 жылдың қаңтар айында Арман Бекетұлының атынан шалқарлық балалардың тағы бір тобы Ақтөбеде өтетін жаңа жылдық шыршаға шақырту алды. Спортта, оқуда, шығармашылықта көзге түскен 10 дарынды бала мерекелік қойылымға қатысып, шарша жанында сыйлықтарға кенелді. Әр балаға естелікке планшет, спорт киімінің жиынтығы, мектеп құрал-саймандары берілді.
Пандемияға байланысты 2021 жылы бұл мерейлі дәстүр басқа форматта жалғасты, сөйтіп, шалқарлық балалардан бөлек Ойыл мен Қобданың оқушылары да қамтылды. Себебі бұған дейін аталған аудандардың әкімдері партиялықтардың көшпелі кеңесінде депутатқа өтініш білдірген еді. Міне, тамыз айында көмекші еріктілерден құралған топ жасақталып, Арман Есенжоловпен бірге елді мекендерге аттанды да, балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, іс-шара балалар үшін барынша қауіпті әрі ыңғайлы өтсін деген мақсатта оқушыларды Ақтөбеге шақырмадық, сыйлықтарды олардың қолдарына табыстау үшін өзіміз Шалқар, Ойыл, Қобдаға бардық, — дейді Арман Есенжолов. — Кезінде мен де шалқарлық мектепте оқыдым, керемет мұғалімдерім болды, жанға жылу сыйлайтын естеліктер қалды. Іс-шараның №6 мектепте өткені мен үшін бұл сүйсінерлік жайт. Өйткені кезінде оны менің әкем, еңбек ардагері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, білім үздігі Бекет Құрмашұлы Есенжолов ашты. Бұл әдемі иыққаптар, планшеттер, сәнді мектеп киімі балаларды сәл қуантып, оқуға деген ынталарын арттырса екен деп қалаймын. Жақсы оқысын!
Әр балаға спорт пен мектеп киімі, аяқ-киімдер, кеңсе жарақтары бар сөмке, планшет, ойыншықтан құралған толық жиынтық жиналды. Киім мен аяқ киім әр баланың мөлшері мен жасын ескере отырып, жекелей таңдалды.
Шалқарда балалар мен олардың ата-аналарын ҚР еңбек сіңірген ұстазы Айша Базарбаева құттықтады. Ол ұзақ жылдар бойы жергілікті білім ордасында жұмыс істеп, бүгінде еліміздің әр түпкірінде сабақ беріп жүрген көптеген мамандарды даярлады.
— Барлық оқушыларға үздік атануға тілеймін, білім нәрін сусындап, ерекше ынтамен оқысын, — деді өз сөзінде Айша Базарбайқызы, — бұл оқушылардың есімдері әйгілі болып, өз елінің құрметті азаматы атанып, туған жерінің мақтанышына айналады деп үміттенемін.
Шалқардағы шара соңында оқушылар экскурсия ұйымдастырып, қонақтарды мұражаймен таныстырды және құрметті қонақтар кітабына өз тілектерін жазды. Ал, оқушылар жомарт жанның сыйы мен ізгі тілектерін қабылдады.
А.УТЕМАМБЕТОВА, ауданның білім бөлімінің әдіскері.