БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН, ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС КЕРЕК

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын түсіндіру бойынша аудан активі бас қосқан жиын өтті.  Оған аудан әкімі Жанболат Жидеханов төрағалық етіп, жүргізді. Күн тәртібінде Жолдауды халыққа кеңінен насихаттау, көрсетілген міндеттер аясында атқарылған жұмыстарды саралау.  Аудан басшысы ел Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы басымдықтарға тоқталып, алда сол міндеттердің жергілікті жерде орындалуы барысында жасалатын жұмыстарды сөз етті.  Халық игілігі үшін алда ауданда жүзеге асатын тың жоспарлармен бөлісті.

—Бұл Жолдау қазіргі уақыттағы сын сағаттармен тұспа-тұс келіп тұрған соң, отандастарымызға аса қажетті көптеген мәселелерді қамтып, оның шешілу жолдарына бағыт берді. Жолдауда әлемді шарпыған пандемиядан кейінгі еліміздің одан әрі дамуы жайы қозғалды. Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеріп, Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту бағытында атқарылатын шаралар туралы айтылды. Сондай-ақ, биылғы жылы отыз жылдығы аталып өткелі отырған барлығымыз үшін қастерлі Тәуелсіздігіміздің одан әрі нығайып, ел тұрмысының жақсарып, жастарымыздың болашаққа нық сеніммен қарауы үшін атқарылар жүйелі жұмыстар жайлы сөз қозғады. Бұдан басқа да Орталық Азияға қауіп төндіріп тұрған Ауғанстан мәселесі алдағы жылдары орын алу қаупі бар ауыз су тапшылығы, елдегі бос жатқан жерлерді мақсатты пайдалану секілді кезек күттірмейтін маңызды жайттар айтылды. Бүгін Жолдауды аудан активі болып талқыласақ, алдағы уақытта осы отырған баршамыз аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет,  — деді аудан әкімі.

Аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаев ауданымызда әр сала бойынша жүзеге асып жатқан  істерге тоқталды.

 —2021 жылғы Жолдауда медицина саласын дамыту бойынша берілген тапсырмалар аудан көлемінде орындалып, бүгінде ауданымызда бұл саланың әлеуеті артып келеді. Мәселен  қазір Есет Көтібарұлы ауылдық округінен ФАП-қа жөндеу жұмыстары жасалып, Шалқар ауылдық округінен жаңа амбулаториялық пункттің құрылысы жүргізілуде.

Қазіргі таңда вакцинациялаудың бірінші компонентімен 14904 адам, ал толық  екі компонентпен 11648 адам қамтылды. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасатын болады.

Ауданның білім беру саласында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. 2019-2020 оқу жылында жалпы соммасы 80 млн. теңгеге 500 ноутбук алынып, 202 дана ноутбук ата-аналардың сұранысына сәйкес, қажет ететін отбасыларға берілді. 2020-2021 оқу жылында 1883 ноутбук алынып, ауданның білім беру ұйымдарына берілді.

Кішіқұм ауылдық округінің Қарашоқат елді мекенінде және Шалқар қаласында жаңа мектеп ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар үстіміздегі жылы бірқатар білім беру ұйымдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауданның педагогика саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша 2021 жылдың қаңтар-шілде айларында 422 педагог әртүрлі формат пен мазмұндағы біліктілік  арттыру курстарынан өтті. Оның ішінде 357 педагог ақылы негізде.

Сала қызметкерлерінің жұмысының нәтижесінде 2105 оқушы оқу озаты, 2580 оқушы екпінді, оның ішінде 9 класты – 157 оқушы, 11-класты 31 оқушы үздік аттестатпен аяқтаса, 75 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша аудандағы білім сапасы – 60,85% құрап отыр.

Жолдаудың V тарауы елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарға арналды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  келешегі жоқ ауылдардан тірек ауылдық елді мекендер мен аудан орталықтарына тұрғындарды көшіру бойынша  2021 жылға қоныс аударуға  үміткерлер болған жоқ.

Жергілікті бюджеттен  2021 жылға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 59832,0 мың теңге республикалық бюджеттен, жергілікті бюджеттен 19834,3 мың теңге, облыстық бюджеттен 12168,0 мың теңге  қаржы қаралды.

Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының 1-6 жасқа дейінгі балаларына республикалық бюджеттен 10710,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 1100,0 мың теңге қаржы қаралды.

2021 жылы бүгінгі таңда табыс көзі кедейшілік шегінен төмен отбасылары учаскелік және арнаулы комиссияда қаралып, зерделеніп,  аз қамтылған 140 отбасынан 742 отбасы мүшелері анықталып, 26471,1 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленсе, 173 балаға 6370,0 мың теңгеге кепілдендірілген пакет берілді.

  Келелі жиында аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ш.Садуақасова, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы А.Сембай, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы  А.Беркімбаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Қорқытұлы сөз алып, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 Еңбек ардагері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Н.Майкөпов жиналғандарды Жолдауда алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін бір кісідей атсалысуға шақырды.

   Басқосуды қорытындылаған аудан әкімі Ж.Жидеханов:

—Ел Президентінің кезекті Жолдауы алдымызда жасалатын жұмыстардың көптігін көрсетіп отырғанын, барлық сала үлкен өзгеріс алдында тұрғаны біз үшін үлкен маңызға ие екеніне тоқталды. Президент халықты жаңа жағдайда жаңаша ойлауға, жаңаша жұмыс істеуге шақырды. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл», дейді халқымыз, атқарылар жұмыстардың нәтижелі болуы сіз бен біздің бірлігімізде, — деді аудан басшысы.

Тиісті адамдарға нақты тапсырмалар жүктелді.

Қ.ӘЛИН, «Шалқар».