ФРАКЦИЯ МҮШЕЛЕРІНІҢ АУДАНЫМЫЗҒА САПАРЫ

Облыстық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» фракциясы жетекшісі мен мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасы бойынша Шалқар ауданында атқарылған жұмыстарды бақылау мақсатында ауданымызға келді. Халық қалаулылары іссапарын Жылтыр елді мекеніндегі амбулаторияның құрылысын қадағалаудан бастады.  Маусым айында басталған құрылыс жұмыстары қазір аяқтала келгенін көріп,  тәулігіне 40 адамды қабылдай алатын ғимараттың құрылысын қадағалады.Сондай-ақ медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру, жаңа медициналық құралдармен қамтамасыз ету барысын да назарға алды.

Аумақтық Жол картасына Шалқар көлінің табанын тазарту үшін суару объектілерін орнату, тиісті су тазарту құрылғыларына күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары да енгізілген болатын. Сондықтан партиялықтар Шалқар көлінің түбін тазарту бойынша нысандарға арнайы барып, құрылыстың жүру барысымен танысты. Бұл жердегі төрт жер аумағы мен 60-90 см қалыңдықта жалпы көлемі 3 млн шаршы метр топырақты тазарту жоспарланған. Сондай-ақ жағалауына арнайы дамбалар салынбақ. 

Депутаттар бұдан әрі М.Шыманұлы ауылында  орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын бақылады. Ауылдағы 115 тұрғын үйге ауыз су тартылғанын көріп,  аяқталуы жақын насос станциясының құрылысында болды. 

Аудан әкімдігі үйінің мәжіліс залында өткен кеңесте «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасы бойынша Шалқар ауданында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы толығырақ айтылды Жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалының төрағасы Жанболат Жидеханов есеп берді. Ауданның атқарушы органдарының ұйымдастырған жұмыстары Елбасының, Мемлекет басшысының, ҚР Үкіметінің, облыс әкімдігінің тапсырмаларын  орындауға  және  «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Аудан басшысы басқа салалар бойынша да атқарылып жұмыстарға тоқталып, облыстық мәслихат депутаттарының сұрақтарына жауап берді.

Кеңесте «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Ербол Данағұлов сөз сөйлеп, Шалқар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне жақсы баға берді. Ол партияның бес жылдық сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстарды ыждағаттап, уақытында жүзеге асыруды тапсырды. 

 Жиынды аудан әкімі қорытындылап, Елбасы, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді, Жолдауларда көзделген мақсаттарды орындау үшін ұйымшылдықпен жұмыстар жүргізіле беретінін жеткізді.