ТАЛАПТАРЫН САҚТАП,МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫ ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» ережесіне сәйкес ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге көптеген мемлекеттік қолдаулар (субсидиялар) қарастырылған.

Атап айтар болсақ, МІҚ (мүйізді ір қара), қой, жылқы, түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтар ережеде көрсетілген тиісті талаптар мен өлшемшарттарға сәйкес, келген жағдайда субсидия сомасына қол жеткізе алады. Енді талаптар мен өлшемшарттар дегенге келер болсақ, субсидия ережесінде зоотехниялық нормаға сәйкес, белгілі нормативтер бекітілген. Мысалы, МІҚ шаруашылығы бойынша 1:25 арақатынас, қой шаруашылығы бойынша 1:25 қатынас, яғни 25 бас аналық сиырға 1 бас асыл тұқымды бұқа немесе 25 бас саулық қойға 1 бас асыл тұқымды қошқар қажет деген сөз. Шаруашылық меншігінде 25 бас аналықтан асқан жағдайда екінші асыл тұқымды бұқа немесе асыл тұқымды қошқар әкелу керек. Мемлекет субсидияның бұл түрін қожалық өз меншігіндегі аналық малдарға селекциялық және асыл тұқымды жұмыстар жүргізгені үшін төлейді.Субсидия сомасы мүйізді ірі қара малының аналығы үшін 10 000 теңге, саулық қой үшін 2 500 теңге. Сондай-ақ асыл тұқымды бұқа сатып алғаны үшін 1 басқа 150 000 теңге, асыл тұқымды қошқар сатып алғаны үшін 1 басқа 15 000 теңге субсидия қарастырылған. Мал бордақылау алаңдарына бұқашықтар тапсырғаны үшін де субсидия төленеді. Бұл үшін тапсырылған бұқашықтың жасы 7-18 ай аралығында болуы және тірілей салмағы 200 кг-нан төмен болмауы міндетті. Тапсырылатын бұқашық асыл тұқымды бұқадан туған болуы шарт. Осы шарттар орындалған жағдайда әрбір кг. тірілей салмаққа 200 теңгеден субсидия төленетін болады. Жылқы және түйе шаруашылықтары бойынша да асыл тұқымды айғыр және асыл тұқымды бура сатып алғаны үшін 100 000 теңге субсидия төленеді.

Сонымен қатар үстіміздегі жылы да облыстық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату бағытына арналған субсидиялар төленетін болады. Субсидияның бұл түрі бойынша да ережеде бірқатар талаптар мен өлшемшарттар бекітілген. Мысалы МІҚ малы бойынша қожалық меншігінде кемінде 50 бас аналық сиыр, қой бойынша кемінде 300 бас саулық қой, жылқы және түйе бойынша да кемінде 50 бас аналық мал тіркеуде болуы керек. МІҚ бойынша 18 айдан асқан, қой бойынша 12 айдан асқан, жылқы және түйе бойынша 36 айдан асқан ұрғашы мал аналық деп есептелінеді. Барлық мал АЖБ (ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру) дерекқоры мен АТЖ-да (ақпараттық талдау жүйесі) тіркеуде болуы міндетті. Нормативке сәйкес 1 бас аналық сиырға 30 000 теңге, 1 бас саулық қойға 5 000 теңге, 1 бас биеге 20 000 теңге және 1 бас інгенге 20 000 теңге төленеді. Сондай-ақ субсидияның осы түрін алу үшін шаруашылықтың өзі дайындаған немесе басқа шаруашылықтан шөп сатып алғандығы жөніндегі мәліметтер көрсетілуі қажет. Субсидия алуға өтінім беру осы қыркүйек айынан басталатын болады. Жалпы жоғарыда көрсетілген субсидия алуға өтінімдерді қожалық төрағасы өз ЭЦҚ-сын (электронды цифрлық қолтаңба) қолдана отырып, электрондық түрде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жібереді. Ереже талаптарында өтінімдегі ұсынылған мәліметтердің шынайылығына шаруашылық жетекшісі жауапты екендігін ескерсек, бекітілген талаптарды қатаң сақтай отырып, мемлекет қолдауын тиімді пайдалануға болатындығын назарларыңызға тағы да саламыз