Шаңырағын бала үнімен шаттандырған алтын құрсақты аналарымыздың жолын жалғаған жастардың бірі — шал-қарлық «Алтын алқа» иегері Айым Сүйеуқұлова. Жолдасы Азамат екеуі өмірге 9 бала әкеліп, оларды қатарынан қалдырмай бағып, тәрбиелеп отыр. Тоғызыншы перзенті Санжар бүгінде тоғыз айлық болса, тұңғыштары Назым 8-сынып оқушысы. Араларында Аида, Айша есімді егіз
қыздары бар.
— Екеуміз де Шалқардың тумасымыз, бір мектептен білім алдық, бір-бірімізді бала кезден танимыз десек те болады. Осы таныстығымыз есейген шақта махаббатқа ұласып, отау құрдық. Көп балалы отбасы атанудың ата-анаға жүктер жауапкершілігі де мол. Жұбайым екеуміз күнделікті тірлікте кезігетін қиындықтарға мойымай, бәріне түсіністікпен қарауға тырысамыз. Бізге балалардың шат күлкісін көруден асқан қуаныш жоқ, байлығымыз да осы — соңымыздан ерген кішкентайларымыз. «Әр баланың өз несібесі бар» демекші, көз алдымызда аман жүріп, есейсе болды,— дейді 30 жастағы көп балалы ана.
Кейде көп балалы отбасылармен тілдескенде олардың тарапынан бір мұқтаждығы айтылып, бір сәлемдемесін жеткізетін болып міндет арқалап қайтатынсың. Бұл жолғы кейіпкерлерімізден барға қанағат, жоққа сабыр тілеген қарапайымдылықты көрдік. Айымның аспазшылық мамандығы бар. Бірақ тұрмыс құрғалы осы Алла сыйлаған бөпелерінің тәрбиесімен үйінде отыр. Солардың сабақтарына қарайды, балабақшаға апарады, онда ұйымдастырылатын түрлі шараларға қатысып, балаларын қуантады. Қайырымдылық акцияларына да өз үлестерін қосуды ата-аналық борыштарына санайды.
Айым — «Баласы атқа шапса, үйде отырып тақымын қысқан» ілкідегі алтын құрсақты аналардың жұрнағы екені даусыз. «Аға, біздің отбасы туралы жазсаңыз балаларымның жетістіктерін де қалдырмаңызшы…» деп өтінді. Бала жетістігі — ата-ана қуанышы деген осы.
Мектепке баратын бесеуі де оқу озаттары, спорттан жақсы көрсеткіштері бар. Үлкені Назым бос уақытында Оқушылар сарайындағы қолөнер үйірмесіне қатысады. Ол ұсақ моншақтармен тоқуға кішкентайынан бейім екен. Қазір сол қабілетін үйірмеге қатысып, шыңдап жүр. Әнуар есімді ұлдары №1 Шалқар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен үйірмеге қатысады, ал Гүлбаршын есімді қыздары №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдомен шұғылданады. Спортқа икемді осы екеуі аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанып, медальдар иеленген. Егіз қыздары мектепішілік білім бәйгелерінде жақсы нәтиежелер көрсетіп, озат оқушылар қатарында тұр.
№6 орта мектебінің 3-сыныбында оқитын дзюдошы Гүлбаршын «Мен болашақта кім боламын?» деген тақырыпта жазған шығармасында «Ең алдымен адамгершілігі мол жақсы адам, білімді оқушы, елімнің патриоты болғым келеді…», деп бастап, он саусағынан өнері тамған шебер болғым келеді деп ойын түйіндепті. Өйткені бұл әулеттің арғы аталарында ісмерлік қасиет бар екен. Осы шығармасы өткен жылы «ҚР 100 үздік дарынды оқушысы» атты республикалық байқаудың материалдар жинағына еніп, еліміздегі «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы бекіткен «Қазақстан Республикасының дарынды оқушысы» атты төсбелгісі мен куәлігін иеленіпті.
Оқуға зейінді, өнерге құштар өрендердің әкесі Азамат Хадимжан қазір «Казтелерадио» АҚ-ның Шалқар телеорталғында жұмыс істейді. Ерге лайықты істің қай-қайсына да қолының ептілігі бар 36 жастағы әке балаларының армандары орындалатынына сенеді.
P. S. Еліміздің демографиясын дамытуға сүбелі үлесін қосып жүрген Азамат пен Айымдай жас жанұялар сирек. Бұндай отбасыларға қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді…
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
«Шалқар».