Әкімдер есеп берді

АУДАН ИГІЛІГІ ҮШІН АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР АЙТЫЛДЫ

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Тоғыз, Кішіқұм, Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындармен кездесіп, «Шалқар ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттері туралы» есебін берді.
Ең алдымен халық аталған округтер әкімдерінің есептеріне ден қойды. Бұдан соң аудан әкімі Ж.Жидеханов аудан бойынша атқарылған жұмыстарға нақты тоқталып өтті.

Өткен жылы аудан бойынша салық түсімі 371 млн. теңгеге артық орындалған, ол сол жылмен салыстырғанда 126 млн. теңгеге артық. 2020 жылы жұмсалған қаржы, шығыс жағы 16 млрд. 745 млн. теңгені құраған. Ал аудан бойынша өнеркәсіптік өнім көлемі 14 млрд. 533 млн. теңге, яғни 107,3 пайыз болған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 22 млрд. теңгені құрап, ол өткен жылмен салыстырғанда 106 пайызға орындалыпты. Құрылыс жұмыстары 11 млрд. 382 млн. теңгеге орындалып, ол өткен жылмен салыстырғанда 106 пайызға, ауылшаруашылығы бойынша өндірілген өнім 19 млрд. 245 млн. теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 105,1 пайызға орындалыпты.
Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері аясында облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының қолдауымен ауданымызда өткен жылы да ауқымды істер атқарылған. Қаламызда №5 мектеп-лицейінің 320 орындық, Қарашоқат орта мектебінің 120 орындық ғимараты құрылыстары басталды. Мөңке би, М.Шыманұлы елді мекендеріне, қаламыздағы Ә.Жангелдин қалашығына су желілерін тарту жұмыстары осы жылы аяқталмақ.
Аудан бойынша 33 елді мекеннің 12-і көгілдір отынмен қамтылған, бұл жалпы халықтың 85 пайызын немесе 39 мың адамды қамтиды екен. 24 елді мекенге ауыз су тартылған, бұл жалпы халықтың 96,6 пайызы немесе 44 мың адам ауыз сумен қамтылған.
Шалқар қаласында төрт көшеге күрделі жөндеу, екі көшеге орташа жөндеу, екі көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілген. Мөңке би ауылындағы бір көшеге асфальт төселген. Бозой елді мекеніне электр желілері тартылып, бір көше асфальттаныпты. Т.Шанов, Ақтоғай, ГКС-12, Жаңақоныс, № 6 орта мектептері мен Қотыртас ауылындағы ФАП күрделі жөндеуден, Алабас, Аяққұм негізгі мектептері ағымдағы жөндеуден өткен. Енді Бозой орта мектебінің, №2 мектеп-гиназиясының, Тоғыз стансасындағы №7 орта мектеп жанындағы интернат, Ә.Жангелдин орта мектептерінің көне ғимараттарына күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Сондай-ақ, Шалқар қаласының 20 көшесін күрделі жөндеуге, 7,3 шақырым болатын қалаішілік жолдарды жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқандығы айтылды.
Сегіз елді мекеннің су желілеріне 2 млрд. 440 млн. теңге бөлінген. Атап айтқанда Тоғыз-Шілікті стансалары аралығына 951 млн. теңге, Жылан-Көпмола, №30 бекетіне дейін 926 млн. теңге, Қайдауыл, Ақтан батыр ауылдарына су желілерін қайта жарақтауға 563 млн. теңге қаржы бөлінген.
Аудан әкімі басқа да қолға алынатын жұмыстарға тоқталды. Ол Бозой елді мекенінің кәріз желілерін қайта жарақтау, сүзгі алаңын салу, Шалқар қаласынан тұрғын үйлер салу, Аққайтым елді мекеніне клуб салу, Шалқар қаласынан Жылтыр ауылына қарай, Ақтөбе және Бозой бағытына қарай жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, қала іргесіндегі Жомарт ауылына дейінгі жолды жасау, Шалқар қаласының даму аумағына су, электр желілерін тарту. Аудан басшысы басқа да атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Кездесуде облыс орталығынан келген уәкіл, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова есепті кезеңдегі өлкемізде атқарылған игі істерге көңілі толатынын жеткізіп, басталған жылдың табысты болуына тілектестігін білдірді. Шалқар ауылдық округінің тұрғындары балаларға ойын алаңы салынса, «Beeline» байланысы жетілдірілсе, мектептің сыртқы келбеті көріктендірілсе, ауыл сыртындағы орман алқабының қоршауы жөнделсе, қосымша қарастырылған жем-шөп субсидиясына тезірек қол жеткізсек деген тілектерін алға тартты. Және ұңғыма қаздырған шаруалар оған жұмсалған шығынның 50 пайыз қайтарылымын сұрады.
Әрине, кездесуде толыққанды жауаптар берілді. Мәселен, жем-шөп субсидиясы осы жылдың наурыз айына дейін беріліп болмақ. Және ұңғыма қазған кәсіпкердің лицензиясы болса шығыны қайтарылады. Жақын арада «Beeline» байланысына күшейткіш қойылады.
Шетырғыздықтар өздері тұратын мекенге барлық жағдайдың жасалғанын, жаңа мектеп, газ, су, міне, енді «Beeline» байланысының орнатылғанын ризашылықпен айтты. Алайда осындағы шаруалар ауыл маңынан өтіп жатқан Ырғыз өзені Қаражар деген жерден бөгеліп тұрғанына алаңдайтындықтарын да жеткізді. Кенже Айтжанова есімді осы ауылдың тұрғыны өзіне екі бөлмелі сарай салып беруге көмек қолын созуды өтінді. Бұл көтерілген сауалдарға жауап берген аудан әкімі ұсыныс-тілектерді зерделеп, шешілу жолдарын қарастыратынын айтты.
Аудан әкімі кездесулерде қай мәселенің де назардан тыс қалмайтынын айтып, ауылдық округ әкімдеріне заман талабынан қалмай, Елбасы мен Президентіміздің тапсырмалары мен міндеттерін орындап, ел-халықпен бірлесіп еңбек ету керектігін тапсырды. Сондай-ақ, әлем елдерін алаңдатқан індет ахуалы әлі де оңалмай тұрғандығын сөз етіп, мейілінше одан сақтану шараларын әрбір тұрғын қатаң ескеру керектігін мәлімдеді.
Аталған округтерде өткен кездесулерде тұрғындар өткен жылы облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының Шалқар ауданына жасаған сапарларында көтерілген мәселелердің шешімдері табылғанына риза екендіктерін жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Ауыл тұрғындарымен өткізілген есепті кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев және халыққа қызмет көрсететін мекеме, бөлім басшылары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшысы қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жеке қабылдап, залдан түскен сұрақтарға жауап берді.

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».