Жастар белсенділік көрсетті

Шалқар ауданында сайлау күні халық үшін 38 учаске қызмет көрсетті. Оның 13-і Шалқар қаласында болса, қалғаны ауылдық округтерде.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сапарғали Құлбергеновтің айтуынша сайлау күні аудан бойынша сайлаушылар тізіміне 27512 азамат енгізілді, оның ішінде сайлау бюллетендерін алғандары 20052 адам, дауыс беруге 19745 адам қатысты,
— Сайлау — кандидаттар үшін емес, тұтас ел үшін маңызды саяси науқан. Сондықтан оның әділ өтуіне барынша үлесімізді қостық. Сайлаушылар мен сайлау комиссиясы мүшелері тарапынан өрескел қателер кездеспеді. Барлығы да мерекелік көңіл-күймен жұмыс істеп, тұрғындар ұйымшылдықпен дауыс берді. Әсіресе, биыл жастар өте жақсы белсенділік танытты. Сайлау тәртібі бойынша барлығы жіті қадағаланды. 5 партия мен бірқатар қоғамдық бірлестік өкілдерінен тұратын бақылаушылар да науқанның заңды өтуін бақылады, — дейді ол.
Сондай-ақ, сайлау барысында пандемияға байланысты сантитарлық талаптар да қатаң сақталып, келушілердің бір есіктен кіріп, екінші есіктен шығулары қадағаланған.
Шалқар қаласында орын тепкен №489 сайлау учаскесіне барып, бірінші рет дауыс берген 18 жастағы сайлаушы Ақнұр Жақияева өзінің осы науқанға қосқан үлесінде алған әсерін бізбен былайша бөлісті:
— Өзімнің алғашқы дауыс беру құқына ие болғаныма өте қуаныштымын. Егеменді еліміздің келешегі үшін өз таңдауымды жасадым, біз себебі ел болашағымыз. Мемлекет басшысының елдің дамуы, гүлденуі үшін алға қойған міндет, мақсаттарының жүзеге асуына жастық күш-жігерімізді жұмсауға әрқашан дайынбыз, — дейді жас сайлаушы.
Ақнұрдың осы белсенділігін аталған сайлау учаскесінің төрағасы Ұлан Нияз ескеріп, оған арнайы сый-сияпаттар жасады.