КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Еліміздің Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында ауданымызда бірқатар игі істер жүзеге асты. Соның бірі — қаламыздағы Әйтеке би көшесінің бойындағы «Анаға тағзым» ғимаратының ішінен компьютер қызметін көрсететін коворкинг орталығының ашылуы болды. Бұл жақсы істің жүзеге асуын айтар болсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы ұйымдастырған мемлекеттік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік гранттар байқауына ауданымызға белгілі кәсіпкер Ерлан Алдашев қатысып, 1 млн. 900 мың теңге гранттың иегері атанған болатын. Осы гранттың аясында аудан жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қолдау көрсету мақсатында аталған коворкинг орталығы сыйға тартылды.
Орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Жанболат Жидеханов үстіміздегі жылдың Шалқар жастары үшін жетістіктерге толы жыл болғанын, көптеген жастарымыз мемлекет тарапынан қолдау тауып, өз кәсіптерін ашқанын айтты. Және Шалқар ерікті жастарының атқарған қайырымдылық шаралары облыста жоғары болғанын да мақтан етті. Жүрегі жылы, патриоттық сезімі жоғары жастары бар елдің еңсесі де әрқашан биік болатынын жеткізді.
Аудан әкімі жастар үшін, елдің болашағы үшін атқарған игі жұмысы үшін «Шалқар саясы» қайырымдылық орталығының төрағасы Ерлан Итжемесұлына шын жүректен алғысын білдірді.