ҚАЛАНЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН…

Кей адамдардың келбеті, мінез-құлқы жадыңда бірден жатталады. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Мақсат Қосымов менің санамда тәртіптің адамы болып қалыптасқан. Шалқар шаһарының тізгінін ұстаған тұста ерте таңнан «волгасымен» қала көшелерін аралап, тазалығын көзбен көріп келіп, жұмыста мәселені дәйекті етіп қоятын-ды. Қала жұмысы қашанда қауырт. Бауы табылса да әйтеуір бір байлауы келіспей тұратын мәселелер шыға беретін.
Міне, ағамыз, ел әлеуеті оңала қоймаған тұста жауапкершілігі атан түйеге жүк болар осы қызметтің тізгінін 10 жыл абыроймен ұстады. Жауапты істе өзіне де, өзгеГЕ де тыным бермейтін осындай талапшыл ағалармен жұмыс барысымен талай бірге болғанымды өзіме медет санаймын. Кейде тәртіп пен талап хақында әңгіме қозғалса арзан абыройға алаңдамай, өз ұстанымын ғана мақсат тұтатын Мақсат ағаның жұмыс стилін көбірек тілге тиек ететініміз де сондықтан. Қай кезде газетіміздің жанашыры ретінде қолдау көрсетіп, елдік сөзді қуаттайтын ардагермен таяуда сұхбаттасудың сәті түсті.

— Аға, әңгімеміздің әлқиссасын балалық-шағыңыздан бастасақ…
— Төрт жылға созылған сұрапыл соғыстан кейін маусым айының бірінші жұлдызында Көпмола стансасында жұмысшы Сейілбектің отбасында дүниеге келіппін. Маған Мақсат деген ат қойылуының өзі де соғыстан қалжыраған жұрттың ілгеріге ұмтылу нышанын білдіргендей еді. Содан бері 75 жыл өте шығыпты. Өткенге көз тастасам талай-талай белестерден өтіппіз. Соның ішінде орта мектепте оқыған жылдарды ыстық сезінемін. Нұрғали Нұралин, Бөпей Көрпебаева, Бибіжамал Жақсымбетова сынды білімі кеніш ұстаздардың тағылымымен есейдік. Сол мектепті бірге аяқтаған Сембай Ділманов, Жақсыбай Қосжанов, Аманжол Оразбаев, Сүлеймен Әділгереев, Аққасен Төлеуов, Сағынтай Әленов сынды жолдастарым жоғарғы оқу орындарын бітірген соң елге оралып, шаруашылықтың әр саласында жемісті еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына сүбелі үлестерін қосқан тұлғалар. Мен 1963 жылы Ақтөбе қаласындағы теміржол техникумының құрылыс факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы аяқтадым. Арасында, яғни 1964-67 жылдары Кеңес армиясы қатарында болып, азаматтық борышымды өтеп қайттым. Еңбек жолымды 1969 жылы Шалқар механикаландырылған құрылыс колоннасында құрылыс шеберлігінен бастап, 1981 жылы аталған мекеменің бастығы қызметіне тағайындалдым. Бұл қызметті 1989 жылға дейін атқардым. Бұл кезең мен үшін табысты жылдар болды. Сол жылдары қала мен елді мекендерге бой көтеріп, пайдалануға берілген мектептер, бала-бақшалар мен тұрғын үйлер, мал сою және тоңазытқыш алаңдары, теледидар тарату мұнаралары мен радиожелілік стансалар кешені, кеңестер үйі, құрылыстары тоқтап қалған басқа да объектілер пайдалануға беріліп, халық игілігіне жаратылды.
«Алла әлемді жаратса, қалғанын жаратқан құрылысшылар», деген қағида да бекер айтылмаған екен. Мен басқарған мекеме құрылыс саласындағы табыстары үшін бірнеше жыл бойы ауданның Құрмет тақтасынан орын алып, 1987-88 жылдары екі мәрте республиканың «Қазагропромстрой» бірлестігінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Аталған республикалық бірлестіктің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл аудан құрылысындағы үлкен жетістік болатын және ПМК ұжымының сол жылдардағы ерен еңбегінің нәтижесі еді. Көкіректеріне қуаныш ұялап, құрылысшы деген құрметті атақты абыроймен алып жүрген олардың алар асулары әлі алда еді.
Осы серпін қазақ жастарының сол жылдары жоғарғы оқу орындарына түсіп, инженер-құрылысшы мамандықтары бойынша кәсіби білім алуларына, жалпы кадр саясатының техникалық прогреске бейімделуіне себепші болды.
1993 жылы шалғай жатқан аудандарды дамыту мақсатында Үкімет қаулысымен «Шалқар құрылыс тресі» құрылып, сол кездегі облыс әкімі Шалбай Құлмахановтың шешімімен аталған кәсіпорынға басқарушы болып тағайындалдым. Міндет — Мұғалжар, Шалқар, Ырғыз теміржол құрылыс мекемелерін біріктіріп, жергілікті табиғи ресурстардың негізінен әйнек, селикат және қызыл кірпіш зауыттарын салу болатын. Ұйымдастыру мәселесі шұғыл түрде қолға алынып, өндіріс орындарының орналасатын орындары белгіленді. Ақтөбе қаласындағы кәсіпорындар мен құрылысты материалдармен жабдықтауға келісім-шарт жасалды. Құрылыс тресінің бас инженері Сағидолла Қаниев, орынбасарым Болатбай Елеусізов, №3 Шалқар ПМК-нің бастығы Жеткерген Елемесов, №660 СМП мекемесінің бастығы Ғанибек Сұлтанов, Ырғыз ПМК-нің бастығы Шаймановтар құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруға жақсы тәжірибе жинаған білікті басшылар болатын. (Кейін, трестің структурасына енгеннен кейін мекемелердің атаулары өзгеріп, №1 ПМК, №2 ПМК, №3 ПМК, №4 ПМК болып аталды).
Олар қолға алған жобаларды орындаудағы үлкен жауапкершілікті сезініп, өңірлік тіпті республикалық маңыздылығы зор объектілерді игеруге қатысты. Ақтөбелік мекемелермен тиісті жұмыстарды да жүргізді. Алайда, егемендігіміздің алғашқы уақытындағы қаржы тапшылығынан бұл жоба 1994 жылы тоқтап қалды.
— Қаланың тізгінін қолға алған тұста қандай қиындықтар жиі ұшырасатын еді. Жалпы шаһар шырайлылығы үшін басты не қажет?
— Қала әкімінен бұрын аудан әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Бұл жұмыста ауданның халық шаруашылығы салаларын реформалауға басшылық жасадым. Орындалған басты-басты жұмыстарға тоқталсам: «Ақтөбетрансгаз» АҚ Шалқар өндірістік-тораптық басқармасы иелігіндегі 140 орындық балалар бақшасын, «Ангар» типтік жабық кешенін, «Факель» стадионын аукционға салғызбай, ауданның білім бөлімінің балансына бергізіп, осы ғимараттардың негізінде, Газшылар қалашығында орталау мектеп ашуға мүмкіншілік жасалса, теміржол тораптық ауруханасының жабылып қалуына байланысты босаған ғимараттар монша, теміржол ауруханасы, тұрғын үйлер кәсіпкерлерге берілді. Теміржол саласын оңтайландыруға бағытталған іс-шараларға тікелей араласып, көптеген жұмысшыларымыздың жұмыссыз қалмауына жағдай жасалды. 1998 жылы ауданымызға жаңадан әкім болып тағайындалған Жеткерген Оралмағамбетов мені шақырып алып: «Мәке, қаламыздың инфрақұрылымы күрделі, оған өндірісте істеген білікті басшы керек. Сонда ғана қазіргідей бюджет тапшылығында қаламызды аздырмай сақтап қалуға болады. Ал мен сізге тоқталып отырмын. Облыс әкімдігімен келістім, қалай қарайсыз»,— деді. «Менің қай жерге қажеттілігім туындаса, сол жерге баруға әзірмін»,— дедім әскери тәртіппен. Жәкең дереу коллективті жинап, атқарған жұмысыма ризашылығын білдіріп, шешімін оқып берді. Содан он жылға созылған тынымсыз еңбегім, ұйқысыз күндерім — аудан орталығының көптеген мәселелерін шешуге арнадым. Атап айтсақ, бірнеше серіктестіктің иелігінде болып келген ауыз су мен жылу саласының нысандарын және мүліктерін біздің ұсынысымызға сәйкес, облыс әкімдігінің қаулысымен «Ұлы Борсық» кәсіпорнының балансына бергізіп, тұрғындардың ауыз су және жылумен қамтамасыз ету дайындығы жоғары бір мекеме арқылы шешімін тапты. Қала тұрғындары үшін тұрмыстық маңыздылығы зор, малдың күтімін ұйымдастыру, кооперативтер құру арқылы тұрғындарға көл жағалауынан қала шетінен бау-бақша егулеріне жағдай жасау, сол кездердегі мүмкіншіліктерге байланысты қала көшелерінің асфальт төсеніштерін жөндеуді ұйымдастыру, қаланы абаттандыру, қала көшелерінің тазалығын қадағалау секілді басқа да жұмыстармен, шаруашылық негіздегі мекемелердің болмауына байланысты қала әкімдігінің қызметкерлері еңбек биржасынан бөлінген адамдармен бірігіп шұғылданды.
Ал қаланың суға кету қаупі бар аймақтарына бөгет салып, құм, шебін тасу, көшелердегі қарды сыртқа шығару арқылы тұрғындарды суға кетірмеу мәселесіне жаңадан танылып келе жатқан кәсіпкерлеріміз: Сайлау Кәлкентаев, Марат Ержанов, Сырымбай Меңдіғарин, Нәсен Қожаниязов, кәсіпорын басшылары Нағашыбай Сартаев, Айекен Көпенов, Сәрсенғали Көпенов, Серік Қарамергенов барлық мүмкіншіліктерін жасай отырып, еселі еңбектерімен халықтың ризашылығына бөленді.
Туған орта шырайлылығы әуелі тазалықтан басталады дер едім. Әр елді мекеннің тазалығы сол елді мекенде тұрып жатқан тұрғындардың мәдениетіне, туған жеріне деген жанашырлық көзқарастарына тікелей байланысты. Сол жылдары қаланың ауыз су жүйесін қайта жарақтау жұмыстары басталып, осы тұста көптеген қиыншылықтарға кездестік. Жобада қаланың 62 су колоннасын алмастырып, колонкалар бойындағы тозығы жеткен трубаларды жаңарту болатын. Алайда тұрғындар тарапынан жаңартылған су желілерінен үйлеріне су кіргізіп алу фактілері жиі орын алып, оларға шектеу қоюға тура келді. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен жабдықтау мәселесі қазірде қаламыздың 62 жеріне орналастырылған бұранды су қондырғылары арқылы жүзеге асырылып келеді. Қала көркіне қайта оралсақ, көріктілік бір ғана көшелердің тазалығымен бағаланбайды. Оған қала көшелерінің инфрақұрылымы сай болулары керек. Яғни көшенің бойындағы үйлердің қазіргі талаптарға сай жарықтануы, аялдамаларды қалпына келтіріп, автобустардың тұрақты жүруін ұйымдастыру керек. Көшелеріміз ортақ қолданыстағы жер болғандықтан оған саз төгу, рұқсатсыз қазу, құрылыс материалдарын жинақтап қоршап алу тәрізді немқұрайлылықты жиі кездестіреміз. Бұл ретте еңбек биржасынан бөлінген адамдардың, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген волонтерлардың еңбегін дұрыс пайдалана білген жөн. 2000-2002 жылы Ақтөбе облысының шағын қалалары арасында өткен байқауларға қаланың сол кездегі келбеті мен перспективалық даму жоспары талқыға салынып Шалқар қаласы екеуінде де Ақтөбе облысының бес шағын қалалары арасында жеңімпаз деп танылып, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осыдан туындайтын заңдылық — елді мекендеріміздің көріктілігі, туған жерімізді ардақтай білетін егеменді еліміздің шынайы патриоттарын тәрбиелеу ісімен іспеттес.
— Талап пен тәртіпті жоғары бағалайсыз. Осының сыры неде?
— Әрине, тәртіп менің азаматтық ұстанымым. Ал тәртіп отбасынан басталып, кейін мектеп қабырғасында шыңдала түссе, жастарымыздың ой өрісі кеңейіп, дүниетанымы қалыптаса бастар еді. Жауапкершілік, патриотизм деген қасиеттер бірден отбасылық тәрбиемен қалыптаса қоймайды. Жастар спортпен шұғылданып, еліміздің тарихын оқып, егемендігіміздің арқасында қол жеткізген табыстарды білулері қажет. Нағыз патриотизм — жоғарыдағыдай құндылықтарды бойларына сіңіре білген, әр ісімде ортаға зиян келетіндей қателікке жол бермесем екен деген пайыммен тоғысуы тиіс.
Орайы келгенде басымнан өткен бір жағдайды айтайын. 1964 жылы әскер қатарына алынып, Украинаның Сума облысының Лебедин қаласына стратегиялық маңыздылығы зор ракеталар дайындайтын мектепте курсант болып 10 ай оқыдым. Ант қабылдағаннан кейін 2 айдан соң 600 курсанттан тұратын мектеп оқушыларын клубқа жинап, дивизия командирі мектеп басшысы т.б. офицерлер бар, амандасып болғаннан кейін Вьетнамдағы болып жатқан соғысты баяндап берді. Онсыз да теледидардан американдықтардың қарапайым халықты ұшақтан наголм бомбасымен қырып, деревняларын өртеп жатқандарын көретінбіз. Дивизия командирі генерал Т.Краснощеков өз сөзінде: «Біз Вьетнам халқына әскери техникалық көмек көрсетудеміз. Алайда, американ әскерилерінің зұлымдығы шектен шықты. Сондықтан Кеңес Одағының басшылығы Вьетнамға достық көмек көрсету үшін еріктілерді жіберуге шешім қабылдады. Ешкімді ешкім үгіттемейді, зорламайды», деді. Арыздың үлгісі тақтаға ілінген. Жанына жәшік қойылған. Ойлануға үш күн уақыт берілді. Сол мектепте екі қазақ жігіті болғанбыз. Екеуміз сол күні кездесіп бір шешімге келдік. Барсақ қазақ халқының абыройына кір келтірмейміз. Және де бар болғаны екі-ақ қазақпыз. Сонымен, интернационалдық міндетімізді орындаймыз деп арыз жаздық. 10 күн өткеннен кейін біздерді әскери клубқа қайта жинады. Әскери басшылар, стратегиялық ракеташаларды Вьетнамға жібермеу жөнінде шешім қабылдағанын айтып берді. Вьетнамға өз еріктерімен бармақшы болғандарға алғыс жариялады. Бұл оқиғаның ең кереметі сонда — 600 жауынгердің 88 пайызы Вьетнамға халықаралық көмек көрсету үшін өз еріктерімен баратындығы жөнінде келісімін беріпті.
Әскер қатарында жүріп ысылдық, шыңдалдық. Курсант мектебін бітіргеннен кейін расчет командирі болып, сол кездегі аса құпия әрі өте күрделі техниканы меңгердік. Көптеген жаттығуларға қатысып, үлкен жауапкершіліктерді міндетіме ала білдім. Талап пен әділдіктің үлгісін үйрендік. Осы қасиеттер әсіресе елге оралып, басшы қызметтерде жұмыс істегенде де қажет болды. Жұмысқа мейлінше адал болсаң өзіңнің адамгершілігің артады. Ал адамгершілік сыйластық пен жауапкершілік туы құламаған ортада қалыптасатынына мен сенемін. Сыры — өзіңнің адамдық адал жолың. Кісілік биігіңді бүгіннен қалыптастырмасаң мүмкін ертең кеш болуы ықтимал.
— Бұған қазір не кедергі болуы мүмкін деп ойлайсыз?
— Қазіргі жастар цифрлық технологияны меңгеру арқылы әлемдегі болып жатқан жаңалықтарды тез қабылдайды. Оның жақсы жақтары да кемшін тұстары да жетерлік. Тіпті, көпшілігіміз телефондарымызды қолымыздан түсірмей уақытты өсек, жаңалықтарды тыңдаумен өткіземіз. Бұндай жағдай оқушыларымыздың ой-өрісін шектеп, ойлау қабілетін төмендетіп, ортасына айтар сөзін дұрыс жеткізе алмауға апарады. Егер ол смартфондардың пайдалану ережелерін енгізіп, жастарымызды соған дағдылай алмасақ болашағымызға үлкен қатер төніп тұрғанын жасырмауымыз керек. АҚШ-тың Мигиган университетінің студенттеріне: «Сен неден жүрексінесің деп сауалнама жүргізгенде, студенттердің басым көпшілігі мен топ алдына шығып сөйлеуге, өз ойымды дұрыс жеткізе алмаймын ба деп қорқамын», депті. Бұл пәндері ашық әрі дискуссия тәжірибесінде өтетін елдің студенттерінің жауабы. Ал бізде қалай? Дәл осы қасиетке ұсталық қызмет тізгінін ұстағандарға да ауадай қажет.
Алланың қалауымен ұзақ жылдар бойы басшы қызметтерде болып, халықпен жиі араластым. Тәрбие мәселесі адамдардың жас деңгейлеріне қарамайды және қызметтің қандай саласы болмасын өзіндік орнымен сол ортаның, ұжымның дәнекерлік күші. Егер басшы қызметтегі азаматтарымыз біліктілігімен басқа да адамгершілік құндылықтарымен өзінің жұмысшы-қызметкерлерінен жоғары тұрса және білмеген жерлерін үйретіп, қиын қыстау жерлерде бірге болып, жіберілген олқылықтарды айқай-шусыз байыппен ретке келтірсе, басшы мен жұмысшы арасында сенім мен сыйластыққа негізделген орта пайда болады. Осыны кейінгі буын терең ұғынса деймін.
— Аға, енді әңгімемізді отбасыңызға бұрсақ …
— Отбасымда төрт перзент өсіп жетілді. Үлкені Дариға Алматы қаласында тұрады. Білікті ұстаз. Қайрат мемлекеттік қызметкер. Шалқар қалалық әкімдігінің аппарат жетекшісі. Жанар (Қайраттың жолдасы) Халық банкінің Шалқар филиалында басшылық қызметте. Жадыра Алматы қаласының теміржол академиясын аяқтап, Қандыағаш қаласының теміржол мекемелерінде қызмет жасайды. Кенже қызым Гүлшат Ресей мен Ұлыбританияның мұнай- газ саласындағы университетін тамамдап, «ШЕЛЛ» компаниясының Кипрдегі филиалында қызметте.
Зайыбым Зада екеуміз балаларымызды, немерелерімізді еңбекқорлыққа, адалдыққа, жалған сөйлемеуге тәрбиеледік. Немерелерімнің үлкені Мәди Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің заң факультетін аяқтап, магистратурада оқып жатыр. Ортаншы немерем Ляззат биыл мектепті аяқтап, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің бірінші курсында оқиды. Ал, Әли болса, мектеп жасында. Шүкір, осылар аман болсын деймін. Ата-әжесіне одан артық не керек.
Саналы ғұмырымдағы жасаған еңбегімнің еленгені болар, бірнеше рет Тәуелсіз еліміздің мерекелік медальдарымен марапатталып, Шалқар ауданының Жыл адамы—2001 және Шалқар ауданының Құрметті азаматы атақтарына ие болдым. Еңбек жолымды туған жерімде бастап, 40 жыл шама-шарқымша ел игілігіне қызмет етіп, 2008 жылы абыроймен зейнеткерлікке шықтым. 2000 жылдары Алматының экономика және статистика институтын тәмамдағаннан кейін, басшылар маған Ақтөбеге жоғары лауазымдық қызметке ұсыныс жасады. Бармадым, туған жерімді қимадым. Ол кезде де қаламызда атқарылатын жұмыстар жеткілікті еді. Ал басталған істерді аяқсыз қалдыру менің ұстанымыма қайшы болатын.
— Әңгімеңізге рахмет. Алла қуат берсін,аға!
Р.S. Жоғарыда кейіпкеріміздің турашыл қасиеттеріне аз-кем тоқталдық. Қазақстан-Қытай шекарасына таяу жердегі Бахты ауылының тумасы, әр жылдары еліміздің Атом энергетикасы жөніндегі агенттікте, «КАТЭП» Ұлттық атом компаниясында қызметтер атқарған, Ақтау қаласының Құрметті азаматы Совет Татамбаевтың «Атом империясының радиоактивті мұрасы» атты кітабында да ағаның жастық шақтағы батыл мінездері айырықша сипатталыпты.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.