«САУЛЫҚТЫҢ» СӨЗІ ДЕ ЕМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған биылғы Волонтер жылының аясында ауданымызда медицина қызметкерлерінен құрылған «Саулық» еріктілер командасы жыл басынан бері бірқатар қайырымдылық шаралардың басы-қасында болып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Құрамына 20-дан астам ақ халат киген жастар енген еріктілер тобына аудан орталығындағы дәріхана қызметкерлері де үнемі қолдау білдіріп, ізгілікті шараларға дәрі-дәрмекпен атсалысып отырады.
— Адамның басты байлығы денсаулық екені бесенеден белгілі. Біз құрған волонтер тобының атауын «Саулық» деп атадық. Лайым, деніміз сау болып, бір-бірімізге мейіріммен қарап, тілеулес болып жүрсек одан артық адамзат баласына не қажет?!
Міне, біздің басты ұстанымыз осы — жұртшылыққа мейірімділіктің нұрын шашу. Осы ретте жыл басынан бері бірнеше шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар денсаулығының бүтіндігі үшін көңілге қонымды бастамалардың үлгісін көрсеттік. Індетке орай елімізде төтенше жағдай талаптары енген бойда біздің еріктілер бетперделер әзірлеп, оны орталық жерлерде жұртшылыққа алғашқылардың бірі болып тегін таратқанын нақты айта аламыз, — дейді аталған волонтер командасының мүшесі, тәжірибелі медбике Зәмзагүл Әбдікәрімова.
Кеше ғана бұл топ Шалқар қаласында тұратын бір топ мүгедек жандардың үйлеріне барып, өз еріктерімен медициналық қызметтер көрсетті. Осы игілікті іс аясында олар аталған санаттағы тұрғындарды электрокардиограммаға түсіріп, қан қысымдарын өлшеп, анализдеріне талдау жасап, мүмкіндігі шектеулі жандардың бір шаруаларын тындырды. Сондай-ақ, өздері жинаған қаржы есебінен аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеттерін таратып, тегін психологиялық көмектер де берді.
«Шынайы жанашырлық көрсету — қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек» деген мемлекет басшысының сөзі бәрімізге бағдаршам болуы тиіс. Ал дәрігерлердің жылы сөзінің өзі — халыққа ем. «Саулықтың» қайырымды қадамынан осыны ұғындық. Ұзағынан болғай!

М. МЫРЗАЛИН.