Cумен жабдықтау қызметтері қымбаттауы мүмкін

Қала әкімдігінің мәжіліс залында «Ұлы Борсық» КМК-ның сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне тарифтің шекті деңгейлерін және тарифтік сметалары жобаларын қарау жөнінде жария тыңдау өтті. Оған кәсіпорын өкілдерімен қатар ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінен келген өкіл Дана Сырбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің, қалалық ардагерлер ұйымының төрағалары, аудандық мәслихат аппаратының және аудандағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Жиынды ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Болатбаев облыс орталығынан онлайн арқылы ашып, жүргізді. Аталған кәсіпорын экономисі Кеңесбай Тасқынбаев жария тыңдаудың күн тәртібіндегі мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталып, ауданды тіршілік көзімен қамтып отырған іргелі кәсіпорынның бүгінгі ахуалымен, алдағы жоспарларымен бөлісті.
— Кәсіпорын бүгінгі күні 2016 жылғы ұзақ мерзімге бекітілген бағамен жұмыс жасап отыр, 2020 жылғы судың орташа бағасы 1 м3 үшін 150,41 теңге, ақаба суды қабылдау қызметінің орташа бағасы 1 м3 үшін 172,32 теңге.
Кәсіпорын атынан 2020 жылы су тарату мен ақаба су қабылдау қызметіне жаңа баға және тарифтік смета бекіту үшін 5 жылға, яғни 2021-2025 жылдар аралығында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне сұраныс берілді. Бүгінгі күні тапсырыс сонда қаралып жатыр.
Табиғи монополиялар туралы Заңының 15-тармағы бойынша баға 5 жылға немесе одан әріге бекітіледі. Кәсіпорын 2021 жылға тарифтік смета бойынша есептелген су үшін орташа баға 1 м3 үшін 293,62 теңгені құрайды.
Тарифтік сметаға кіретін негізгі өндірістік шығындарға материалдар, жанар-жағар май, электроэнергия және жалақы кіреді. Сонымен қатар әкімшілік шығындар бар. Берілген сұраныс бойынша 2021 жылдың шығыны 329031 мың теңге болса, оның ішінде жалақы қоры 252085 мың теңге, барлық шығынның 76,6 пайызын құрайды.
Ақтөбе облысы бойынша орташа жалақы 203 мың теңге болса, бүгінгі күні кәсіпорынның орташа жалақысы 78974 теңгені құрайды. Кәсіпорында жалақының өте төмен болуынан және кадрлардың жиі ауысуына байланысты білікті мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Су қызметі бойынша ұсынылған тарифтік сметадағы жалақы шығынының көлемі орташа жалақыны 143956 теңгеге дейін көтереді, бес жылға ұсынылған тарифтік смета бойынша орташа жалақы 180 мың теңгені құрамақ.
Сонымен қатар Табиғи монополиялар туралы Заңына сәйкес негізгі нысандардың тозуы шығыны есебінен оларға күрделі жөндеу жұмыстарына инвестициялық жоба жасалып, осы шығын тарифтік сметаға енгізіледі. Алдағы жылы кәсіпорын Ұлпан мен №66 теміржол бекеті аралығындағы су құбырына құны 7937,7 мың теңге болатын күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Ал 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық жоба бойынша барлығы 39688 мың теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүр-гізіледі, — деді Кеңесбай Тасқынбай.
Қоғамдық тыңдау барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев тарифті көтеру мәселесіне орай өзінің пікірін білдіріп, күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталды. Және сумен қамтамасыз ететін іргелі кәсіпорын жұмысшыларының жұмыс барысында қауіпсіздігіне мейлінше назар аудару қажеттігі жайында да ойын жеткізді. Департамент басшысы Нұрлан Болатбаев айтылған ұсыныстардың ескерілетінін айтып, жиынды қорытындылады.

М.БОҚАН.