КҮЙШІГЕ ҚҰРМЕТ

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Жылтыр ауылында тұратын 90 жастағы дәулескер күйші, Қазанғап күйшілік мектебінің насихаттаушысы Жұмабай Жансүгіров ақсақалдың отбасында болып, қал-жағдайын білді. Қарттар күніне орай өз құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жауып, сый-сияпаттар жасады. Күйшінің қосағы Қамқа әжеге де камзол жауып, сый-құрмет көрсетті.
1930 жылы Шалқар ауданының Ордақонған болысы, №13 ауылының «Қамқа» колхозында дүниеге келген Жұмабай Жансүгірұлы жастайынан колхоз жұмыстарын атқарған. Сөйте жүріп Қазанғаптың шәкірті, күйші Кәдіралы Ержановтың орындаған күйлерін құлағына сіңіріп өседі. Теміржол оқуын оқып, осы салада біраз жыл жұмыс істейді. Ал 1959 жылдан бастап 40 жыл шопан болып абыройлы еңбек етеді, түрлі марапаттарға ие болады.
Бұл күндері Жұмабай ақсақалдың орындауындағы Қазанғап күйлері қазақ радиосының алтын қорында жазулы. Қазанғап күйлерін насихаттаушы ретінде «Серпер Ақжелең», «Балжан қыз», «Балжан келді он беске», «Он жеті жасар Балжан қыз», «Сауранкөк», «Табақ тарту», т.б. көптеген күйлерін орындап, халыққа жеткізіп жүр. Ж.Жансүгіровтен тәлім алған Қ.Аманов 1994 жылы Ақтөбе қаласында өткен Қазанғап күйлерін орындау сайысында осы кісіден үйренген күйлерін тартып, бас жүлдеге ие болған. Жұмабай ақсақалдың Абдулхамит Райымбергенов, Рүстем Сейітов, Жайлау Асылханов, Еділ Басығараев сынды елге танымал шәкірттері бар.
Қазіргі күні жеті қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсірген Жұмабай ақсақал Қамқа әже екеуі бақытты қарттық ғұмыр кешуде. Әрине, ұлы күйші Қазанғап бабаны пір тұтады. — Айшуақ ауылдық округінде Қосқақ дейтін елді мекен болған. Соның қасындағы Ақбауыр деген жерде ұлы күйші Қазанғап бабаның бейіті бар. Оны сақтап, сынын кетірмей ұстау кейінгі ұрпақтың парызы, күй мен күйшіге деген үлкен құрметі болмақ. Өнерге жанашыр жандар бұл парызды орындап келеді, мен соған разымын, — дейді күйші Жұмабай ақсақал.