ПРАЙМЕРИЗДІҢ ДАУЫС БЕРУ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

Тамыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Nur Otan» партиясында басталған жаңа форматтағы ішкі іріктеу — праймериз өз мәресіне жетті. Праймериздің соңғы кезеңі, дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «бір дауыс, бір ЖСН, бір мобильді нөмір және бір IP-адрес» қағидаты бойынша арнайы верификация жүйесі қолданылды. Сәйкесінше, екі мәрте дауыс беруге болмайды. Бұл жағдайда дауыс беруші бірден бірнеше кандидатты таңдай алатын мүмкіндікке ие болды.
Дүниежүзін әбігерге салған пандемияға байланысты, дауыс беру процесі де алғаш рет электронды форматта ұйымдастырылды. Ауданымызда 10 дауыс беру учаскесі ашылды. Оның 8-і онлайн форматта болса, интернет байланысы нашар Шетырғыз ауылдық округі мен Бозой ауылдық округіндегі партия мүшелері үшін 2 дауыс беру учаскесі қағаз бюллетенімен дауыс беруге арналды.
Төрт күнге созылған дауыс беру кезеңі бойынша ауданымыздағы 2665 партия мүшесінің 2656-сы өз таңдауын жасады, дауыс беруші партия мүшелері 99,7 пайызын құрады.
Естеріңізге сала кетсек, праймеризге қатысушы үміткерлерді ұсыну мен тіркеу жұмыстары тамыз айында өткізілген болатын. Үміткерлер 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында үгіт-насихат жұмыстарына дайындық жасап, 7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізсе, 15-17 қыркүйек күндері онлайн және офлайн форматта өткізілген жария пікірсайыстарға қатысып, өз бағдарламаларын ұсынды. Жария пікірсайыста 5 топқа бөлінген 30 үміткер ауданымыздағы өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарын ұсынған болатын.

«Nur Otan» партиясы
Шалқар аудандық филиалы.