ҚАЗАН АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕКСЕНБІСІ — МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ШӘКІРТІ ҮЗДІК

Қадірлі ұстаздар қауымы!
Күздің алғашқы күндері тойланар, барша азамат өмірлік білім берген ұстаздарына алғыс айтар төл мерекелеріңіз құтты болсын!
Мол өнім беретін алтын күз секілді адамзатқа сарқылмас білім, тамыры тереңге кетер тәрбие берер бұл мерекенің осы мезгілде атап өтілуінде де үлкен мән бар секілді.
Қадірменді ұстаздар, Сіздер мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірсіздер. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары Сіздер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Қазіргі таңда Сіздердің атқарар істеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз екі есе артып отыр. Қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникативтік технологияның қыр-сырын меңгеріп, көшбасшы, білім көшінің алға жүруіне ұйытқы болып отырсыздар. Пандемия кезінде парасаттылық танытып, карантиндегі кедергілерге қарамастан қажырлы еңбек етіп, заман айнасына айналған әр ұстазды мақтан тұтуға болады.
Ауданның білім бөлімі 2020-2021 оқу жылын 8746 оқушымен, 35 жалпы орта білім беретін мектеп, төрт мектептен тыс, 27 мектепке дейінгі мекемемен бастады. 35 мектептің 19-ы шағын жинақталған мектептер. Оқушы санының мемлекеттік нормативке сәйкес келуіне байланысты Шоқысу негізгі орта мектебі аудан әкімінің 7 тамыздағы №161 қаулысымен «Шоқысу жалпы орта білім беретін мектебі» мемлекеттік мекемесі болып статусы өзгертілді. Оның ішінде 19 мектеп дәстүрлі, 16 мектеп қашықтан оқыту жүйесімен 6695 оқушы оқытылады деп жоспарлануда. 16 мектепте 1-4 сынып оқушылары үшін кезекші 90 сынып 120 топ ұйымдастырылды.
2020-2021 оқу жылында 1-сыныпқа 981 бала қабылданды. Қабылдау жүйесі электронды және қағаз нұсқада жүзеге асырылды. 955 оқушы электронды, 26 оқушы қағаз нұсқада қабылданды. 2020-2021 оқу жылында пандемия уақыты алынғаннан кейін 1380 оқушыға ыстық тамақ беріледі деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылын тиімді ұйымдастыру үшін басқа да ұтымды жұмыстар жүргізілуде.
Ұстазы жақсының шәкірті үздік. Бұл — айнымас аксиома. Ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі мен жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды. Ауданның педагогтары да, білім алушылары да әрдайым додаларда топ жарып келеді, бұл қазіргі ахуалға байланысты тоқтап қалған жоқ, ұстаздар өздері де, шәкірттері де жетістіктерімен қуантуда.
Бүгінгі мерекеде ұстаздарға зор денсаулық, береке, бірлік, шығармашылық табыс тілеймін!

А. АБДЫКОВ,
ауданның білім бөлімінің басшысы.