Қаржы пирамидасының басты алты белгісі қандай?

Елімізде қаржы пирамидасының белгілері бар ұйым құру және оған түрлі алаяқтық жүйе арқылы халықты тарту кейінгі кезде жиілеп кетті. Осы ретте алаяқтардың арбауына түспеу үшін олардың негізгі белгілерін біліп жүру қажет. 
Қаржы пирамидасының басты белгісі — өте үлкен табыс табуға уәде ету. Жоғары табыс туралы уәде өзгелерді тарту үшін бір рет орындалуы мүмкін, бірақ үлкен қаражатты жоғалту тәуекелі тым жоғары.  «Қаржы пирамидасына, әдетте, ерікті түрде және ешқандай  құқықтық  негізсіз кіреді. Демек, ешкім салынған қаражатты қайтаруға ешқандай кепіл бермейді», — делінген хабарламада.
Екінші белгі: компанияның нақты экономикалық немесе инвестициялық қызметі жоқ. Пирамидалар тауар, несие, туристік, құрылыс компаниялары атын жамылады. Бірақ шын мәнінде, пирамиданың бұрынғы салымшыларына барлық төлем жаңа салымшылардың жарнасы есебінен жүргізіледі. 
Үшінші белгі: мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни бұл компания қайта құрылған, не қаржылық есептілігі жоқ, не келісім-шарт жасамайды, жасалған күннің өзінде, тек ұйымдастырушылардың пайдасына жасалған және қолданыстағы  ҚР Заңнамасына сәйкес келмейді. 
Төртінші белгісі — компанияның қызметі жан-жақты, тұтастай алғанда нақты бір бағыты жоқ. 
Бесінші белгі — әлеуметтік желідегі «жабысқақ» жарнама. Қаржы пирамидасы туралы жарнаманы БАҚ-та таратуға заңмен тиым салынғандықтан, бұл заңсыз бизнес әлеуметтік желі мен мессенджерге көшкен. 
Алтыншы және ең маңызды белгі — қаржылық реттеуші берген лицензиясының болмауы. Егер шарты мен пайыздық мөлшерлемесі көрсетілген болса, кез келген жарнаны салым деп атауға болады. Халықтан жинақ ақша қабылдау үшін ҚР Ұлттық Банкінің лицензиясы қажет. Ал бұл лицензия екінші деңгейлі банктерге беріледі.
«Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Заңына сәйкес, банк халықпен жұмыс істейді және инвестицияның қайтарылуына кепілдік береді. Алайда, қаржы пирамидасын құрушылар лицензияның қажеті жоқ деп сендіруге тырысады. Сондықтан жоғарыда айтылған белгілер айқын байқалатын, күмәнді ұйымдарға қаржы салмауыңыз керек.

 Шалқар аудандық
прокуратурасы.