МЕКТЕП ЖЫЛЫЖАЙЫ ӨЗ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

№6 орта мектебінде жалпы ауданы 24 шаршы метрді құрайтын кешенді жылыжай бар. Мектеп директоры Жаңабай Мусиннің ұйымдастыруымен жылыжай жұмысы жанданып, өз жемісін беруде. Бұл 2019-2020 жылғы түлектердің алтын ұя мекендеріне тартуы болатын. Онда қияр, қызанақ өсірілуде. Шілде айынан бастап жылыжайда алғашқы өнім жиналды.
— Жылыжайдың іші жап-жасыл. Өсімдіктің хош иісі аңқып тұр. Қияр, қызанақтар өнімдерін беруде. Алынған өнімдерден банка жауып жатырмыз, арзан бағамен мектеп қызметкерлеріне сатылымға шығарамыз. Түскен қаржыға суды үнемдеу мақсатында тамшылата суару жүйесін қондырмақшымыз. Алдағы уақытта егілетін көкөністер қатарын көбейту ойда бар, — дейді жылыжай бағбаншысы Әсел Жарылқасова.
Өзге мектептің қызметкерлері келіп, жылыжай жұмысының қыр-сырын меңгеруде. Себебі, облыс басшысының өзі арнайы сапарында жылыжайды көріп, жұмысымен танысып, оң бағасын беріп, бұл жобаның басқа білім ошақтары үшін үлгі болу керектігін айтқан болатын.
Қысы-жазы жайқалып тұратын бақшаға екінші егу жұмыстары қазан айында жүргізілмек. Қыркүйек айының аяғында өнім жиналады. Бастысы, тынымсыз еңбек өз жемісін беруде.

Гүлназ Қонысбаева,
№6 орта мектебі тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.