Колледж еріктілері марапатталды

Коронавирус індеті біздің елге және ауданымызға да таралып, елде төтенше жағдай мен карантин жарияланғаны белгілі. Осындай кезде алға шығып, халық үшін қызмет істеуге бел шеше кіріскен, тұтас ғаламды шарлаған індетпен күреске шындап араласқандар — еріктілер тобы болғаны да шындық.
Ауданымыздағы төтенше жағдай кезінде Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің «Қамқор» еріктілер тобы да қарап қалмады. «Біз біргеміз» жалпыұлттық акция аясында «Nur Otan» партиясымен бірге халыққа қолдау көрсету мақсатында, шектеулер мен шекаралық аймақтардағы блокпосттарда қызмет еткен сарбаздарға азық-түлік түрінде демеу көрсеткен болатын. Сондай-ақ, жақсылықтың жолында жарыса түскен еріктілеріміз көмекке мұқтаж тұрғындарға қолұшын созып, үлкендердің батасын, алғыстарын алды.
Осындай белсенділік танытқан студент еріктілер: Айдос Аманжолов, Нұрислам Асылбеков, Әлішер Әбдісадық, Дамир Жалғасбай, Вера Иголкина, Азат Нағашыбай, Данияр Серік, Ринат Мамбетов, Нұрбек Дәулет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатын иеленді. Бұл халық үшін жұмыс істеп жүрген жас еріктілерге деген қолдау, құрметтеудің бір белгісі екені анық.
Марапатқа марқайып қалған жастар ел үшін, қоғам үшін көмекке дайын екендерін жеткізді.

А.Науанова,
аграрлық-техникалық колледжі жастар комитетінің төрайымы.