ТУҒАН ЖЕР, ҰШҚАН ҰЯСЫНА КЕЛДІ

Өткен аптада филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, журналистика академиясының академигі, Қазақстанның құрметті журналисі Серікқали Ердіғалиұлы БАйменше туған жері Жылтыр ауылында болып, өзі оқыған мектебіне аяқ басты. Білім, тәрбие берген ұстаздарымен қауышып, білім ордасын аралап көрді. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында және өзі білім нәрімен сусындаған мектебінің 100 жылдығына орай өз қаражатымен жабдықтаған кабинеттің ашылу рәсіміне қатысты.

Қадірменді қонақты қарсы алған Жанболат Жидеханов туған жеріне, өзінің білім, тәрбие алған қара шаңырағына аяқ басқан, бұл күнде алдына үлкен мақсат қойып, сол жолда көптеген жетістіктерге жеткен Серікқали Ердіғалиұлын жерлестері мақтан тұтатынын жеткізді. Және соның барлығы жас буынға үлгі, шалқарлықтар үшін үлкен мерей екендігіне тоқталды. Және Серікқали Байменшеге «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағын табыстап, алдағы уақытта жұмыстарына табыс, зор денсаулық, отбасы бақытын тіледі.
«Ақтөбе-медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин: — Сіз облыстық газет редакторының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезіңізде мен осы ұжымға қызметкер болып келіп едім. Содан бергі уақытта сіздің өсу, өркендеу жолдарыңызға куә болып келемін. Журналистикада танымал есімге айналдыңыз, қоғамдық, мемлекеттік қызметтерде биікке көтерілдіңіз. Көп жылдар елшілікте қызмет атқардыңыз, бүгінде Мәскеуде тұрасыз. Қазақтың қарымды қалам иелері Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов мұраларын тереңдетіп зерттедіңіз. Соның барлығы жас буынға үлгі, бізге мақтаныш. Алдағы уақытта да ел үшін аянбай еңбек етіп, табыстарға жете береті-ніңізге сенемін, — деп ол келген қонаққа жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге Р.Отыншин мектепке өз ұжымының шығармашылығынан кітап, газет, журналдарды тарту етті.
Халық ағарту ісінің үздігі Жұмабай Омаров өзінің шәкірті Серікқали Байменшенің биік дәрежелерге жетіп, халқына аянбай қызмет етіп жүргеніне көңілінің марқаятынын, ұстаз ретінде еңбегінің еселеп қайтқанына алғыс сезімін білдірді.
Бұдан кейін сөз алған Серікқали Ердіғалиұлы: — Шалқар өңірінде осыдан 100 жыл бұрын бой көтерген санаулы мектептердің бірі — Жылтыр ауылындағы мектеп. Осы білім ордасында бірінші кластан оныншы класқа дейін оқып, білім алып шықтым. Бұл күнде мектебіміз Ұлы Отан соғысына қатысушы Төлтай Шанов ағайдың атын иеленіп отыр екен, өте қуаныштымын. Төлтай ағай бізге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді, ал-ғаш сөз өнерін үйреткен ұстазымыз. Жалпы менің мектептегі, журналистикадағы, ғылым саласындағы ұстаздарыма алғысым шексіз. Олар өзімді көп нәрсеге үйретті. Мені өмір жолымда биіктерге жеткізген — журналистика. Оның алғашқы баспалдағынан өзім оқыған мектепте жүргенде өттім. Менің алғашқы жазған кішкентай мақалаларым аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жарияланды. Жалпы жетістіктерге жетуім — мектепте дұрыс білім алғанымның, сол кездегі сабақ берген ұстаздарымның арқасы деп есептеймін, — деді.
Құрметті қонақ өзін қарсы алған аудан басшыларына, мектеп ұстаздарына, өзінің еңбек жолын да таныстырып өтті. 1956 жылы Шалқар жерінде дүниеге келген ол орта мектептен соң Қазақ мемлекеттік университетінің дипломын алып, «Ақтөбе» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Қазақстанның батыс облыстары бойынша «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшісі болып жұмыс істеген. Бұдан соң ҚазМУ-да аға оқытушы, Қазақстан КП Орталық комитетінің баспасөз орталығында кеңесші. Қазақ КСР-і сыртқы істер министрлігінің ақпарат бөлімінде екінші хатшы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің баспасөз қызметінде референт, кеңесші, баспасөз хатшысының орынбасары, ҚР Жоғарғы кеңесінің баспалық редакция бөлімінде, ҚР Парламент сенаты аппаратында сектор меңгерушісі қызметтерін атқарады. «Еуразия» ұлттық университетінің профессоры бола жүріп, «Бейімбет Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. Бірқатар кітаптардың авторы: «Қос жүрек» 1990 ж., «Майлиннің Бейімбеті», 1994 ж., «Бейімбеттің сөз дастаны», 1996 ж., «Төртінші биліктің тағылымы», 1996 ж., «Тағзым», 1999 ж., «Зергердің зертханасы», 2005 ж.
Серікқали Байменшенің туған жерге келу құрметіне арнап бала күнінен бірге өскен досы, күйші Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың күйлерін күмбірлетті.
Бүгінде алпыстың асқар биігіне шығып, зейнетті жас ауқымына енген Серікқали Ердіғалиұлы елге зайыбы Майра ханыммен бірге келді. Кезінде облыстық газ шаруашылығы саласында еңбек еткен ел келіні өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге аянбай қызмет етті.
Ауылдастары адамдық келбеті мен білімділігінің арқасында ғылым атты теңізде өз дара жолын сала білген Серікқалидай баласына «Әлі де алар асуларың көп болсын, ғұмырыңыз ұзақ болсын» деген тілекпен иығына шапан жапты. Тоқсан жастың үстіндегі Жылтыр ауылының ардагер ақсақалы, күйші Жұмабай Жансүгіров ақ батасын берді.

Қ. ӘЛИН, «Шалқар».