АЛЛЕЯ ҮШІН АЛҒЫСТАРЫ МОЛ

Өткен жылғы маусым айында шалқарлықтар Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арнап облыс орталығындағы Әлия Молдағұлова даңғылы бойынан «Шалқар аллеясын» тарту еткен болатын. Ақтөбе қаласының халқы шалқарлықтардың бұл тарту сыйына үлкен ризашылықтарын білдірді. Шындығында аллея көрнекі жерде орналасқан, Ақтөбенің көркіне көрік қосты. 13470 шаршы метр жерді алып жатқан аллеяда демалыс алаңдары, балалар ойнайтын алаң, су бұрқақтары орын тепкен. 2,5 мың шаршы метр жері әдемі тастармен көмкеріліп, төсеніш жолдар салынған. 40-тан астам орындықтар қойылып, 30 фонарь самаладай жарқырап тұр. 10,5 мың шаршы метр жерге қара топырақ төселіп, оған көгал, талдар егілді. Бершүгір жерінде өндірілетін үлкен, жұмыр сәнді тау тастары аллея ішіне орнатылды.
Жақында облыс орталығына жолымыз түсіп, «Шалқар аллеясын» аралап көрдік. Күн еңкейе бастаған кез, аллеяның балалар алаңында кішкентайлар күлкісінің сыңғыры мол. Ата-аналар балаларын ойнатып, жағалай қойылған орындықтарға жайғасқан. Беседкаларда қыз-жігіттер сырласып отыр. Бас қосып шүйіркелескен үлкен кісілер де бар. Өзін шалқарлықпын деп таныстырған Гүлсамал Есбаева деген келіншек «Шалқар аллеясын» мақтан тұтатынын айтты.
— Аллея өте жақсы, керемет ойластырылған. Кезінде бұл жер бос тұрды, енді міне, көз тартар алаңдар пайда болды, балаларды алып кешкісін осы жерге келіп демаламын. Үйіміз бұл жерден әрірек болса да арнайы осы жерге келемін. Себебі, бұл жер өте ыңғайлы. Сондықтан болар балалардан бөлек жастар мен үлкен кісілер де көп келеді. Реті келгенде «бұл біздің шалқарлықтардың салған аллеясы ғой» деп мақтанып қоямын.
Өздерін Бекнұр, Жәния деп атаған жастар да бұл жерге жиі келіп, дем алып, сырласып қайтатындарын айтты. Шалқарлықтарға осындай үлкен сый жасағандары үшін алғыстарының шексіз екенін жеткізді. Тіпті осы маңға бір жылдың ішінде бауыр басып қалғандарын да жасырмады. «Бұл біздің ең сүйікті орнымыз» деді.
«Шалқар аллеясының» қасында ерліктері ұрпаққа үлгі болар Ұлы Отан соғысының батырлары Иван Гриньконың, Михаил Кошелевтің, Иван Пятковскийдің үлкен портреттері орнатылған. Бұл соғыс ардагерлерінің суреттері кейінгі жастардың патриоттық сезімдерін оятып тұрары сөзсіз.
Еңбек ардагері, қобдалық Мақсат Ниязов шындығында шалқарлықтар аллеясының Ақтөбенің мерейтойына ең көрнекті тартуы болғанын әңгімеледі. — Жақсы да ыңғайлы жерге орналасқан, сонау қала шетіндегі Жаңақоныс (бұрынғы Новый) ауылының тұрғындары да осы жерге келіп демалып кетеді. Бірақ, биыл аллеяға көңіл бөлінбей қалған секілді, себебі су бұрқағы істемей қалды. Сынған фонарлар да бар, кейбір талдары сарғая бастады. Көңілге кірбің ұялататын нәрсе, аллеяның жанынан үлкен ресторан мен сауда үйі салынып жатыр, олар тұрғын үйлерді жауып тұр. Бүгінгі елдің басына қиындық әкеліп жатқан жағдайға байланысты бұл зәулім нысандардың не керегі бар деп ойлаймын. Тағы да бір айтарым істеп берген тым жақсы дүниеге қала әкімі ие болып, кішкене қарау керек қой, — деген ойларын ортаға салды.
Жалпы, біз «Шалқар аллеясының» Ақтөбеге көрік беріп, тұрғындардың игілігі үшін қызмет істеп тұрғанына қуандық. Орын алған кем-кетіктер жүре бара түзелер, сол аллеяда дем алып жүрген халықтың Шалқар еліне деген ыстық ықыластарына көңіліміз марқайды.

Қ. ӘЛИН, «Шалқар».