МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАРҒА ИЕ БОЛДЫ

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Ата Заңымыздың 25 жылдығына орай аудан активінің алдында Тәуелсіз мемлекетіміздің игілігі мен жетістіктері жолында өз үлестерін қосып жүрген бір топ жерлестерімізге мемлекет басшысының Жарлығымен арнайы шығарылған мерекелік медальдар табыс етті. Олардың қатарында тыл ардагері Оразбай Әділбаев, еңбек ардагерлері Жеткерген Елемес, Абдісалим Қуатбаев, Нұрлан Майкөпов, Айтуған Махамбетов, Жеткерген Өтегенов, Ғанибек Сұлтанов, Елубай Төлепберген, Қалмақан Төлеуов, марқұм Дәулетжан Елеусізов (баласы Ербол Дәулетжанұлына тапсырылды), аудандық соттың төрағасы Оралбек Бақтыгереев, аудан прокуроры Адилбек Балғазин, Кішіқұм ауылдық округінің әкімі Құрышбек Қазбеков, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ринат Сатаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті, Шалқар аудандық бөлімінің бастығы Досым Шарғазиндер бар.
Және «Қазақстан халық Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медаліне тыл ардагері Оразбай Әділбаев пен еңбек ардагері Ильяс Резванов ие болды. Сонымен қатар коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай уақытында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосқан үлесі үшін ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының Алғыс хатымен аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев, қала әкімі Тұрлан Төлегенов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев марапатталды.
Аудан басшысы награда иелерін құттықтай отырып, еліміздің дамуы мен өркендеуі, ауданымыздың мәртебесі мен мерейін көтеру жолындағы еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі. «Осы мерекелер қарсаңында тәуелсіз мемлекетіміздің игілігі мен жетістіктері жолында өз үлестерін қосқан бір топ жерлестеріміз Мемлекет басшы-сының Жарлығымен арнайы шығарылған мерекелік медальдарға ие болып отыр. Бұл марапаттар біздің ауданымызға берілген лайықты бағалаулар болып табылады. Еліміздің өркендеуі мен дамуы жолында әркез бірге қызмет атқарып, ауданымыздың мәртебесі мен мерейін көтеру мақсатындағы үлкен жетістіктерге жете берейік» деді аудан әкімі.