БОЗОЙДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР

Аудан орталығынан шалғай жатқан Бозой елді мекенінде ауыл халқының ауызбіршілігі ар-қасында бірқатар игі істер жүзеге асырылуда. Соның бірі — Аманғали ахун атындағы мешіт жанынан салынып жатқан 250 адамдық асхана құрылысы. Жұмысы еңсеріліп қалған ұзындығы 30, ені 13 метр болатын нысанның ішін аралап көрген облыстық «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы Оспан Төлеби атқарып жатқан шараны ұйымдастырып жүрген ауыл имамы Ықылас Оразымбетовке және ауыл азаматтарына алғысын білдірді. Үлкен игілікті істі атқарудағы бозойлықтардың ауызбіршілігін атап өтті. Және қайырымды жандар демеушілігімен сатып алынған үш бөлмелі үйдің кілтін ауылға жолдама арқылы келген көмекші имам Қанатқали Айтқалиұлына табыс етті.
Уақыт қиындығына қарамай, ауылдың еңсесін көтерер игі істердің атқарылуына атсалысып жүрген азаматтарды да атап өткен жөн. Әсіресе, Арал тораптық-өндірістік, Бозой мұнай-газ өндіру басқармалары, «Атамекен» ЖШС, жалпы Бозой халқы, кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары, жастары қай істе де аянып қалған емес, ортақ іске әркез үлестерін қосып келеді. Алла тағала оларға күш-қуат берсін. Отбастарына амандық, қызметтеріне табыс тілеймін. Еліміздің береке бірлігі арта берсін.
Аталған шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев та қатысып, ауылда атқарылып жатқан жақсы істерге ризашылығын білдірді.

Ниедулла ДӘУЛЕТОВ,
мешіт жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы.