Ауданға жаңа басшы тағайындалды

25 тамыз күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауданымызда болып, аудан активімен кездесіп, елімізде, өңірімізде атқарылып жатқан игі істерге, алдағы міндеттерге тоқталды, елді береке бірлікке шақырды.
Облыс әкімі Президент әкімшілігінің, Шалқар аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен өз өкімі бойынша Шалқар ауданының әкімі болып тағайындалған Жанболат Өтеғұлұлы Жидехановты таныстырды. Бұрын осы ауданның қаржы салаларында жұмыс істеп, аудан әкімінің орынбасары болған азаматқа үлкен сенім көрсетіп отырғанын атап өтті және аудан активін ел Президентінің алға қойған міндеттерін ауданда жүзеге асыруға жаңа басшымен бірге жұмыла күш жұмсауға шақырды.

Аудан әкімі болып тағайындалған Ж.Жидеханов облыс әкімінің өзіне көрсеткен сенімін ақтайтынын, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін жұмсайтынын айтты.
Бұған дейін Шалқар ауданының әкімі қызметінде болған Бауыржан Қаниев бірге тізе қосып жұмыс істеген азаматтарға алғысын айтып, қайда жүрсе де өзіне ыстық Шалқар жеріне, оның халқына ықыласының жоғалмайтынын, қолдан келген көмегін беретінін жеткізді.
Бұдан соң еңбек ардагері Елубай Төлепберген, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржан Бекетова облыс басшысына ел үшін жасап жатқан игі істеріне ризашылықтарын білдіріп, аудан әкімі Ж.Жидехановқа, халық сенімін арқалаған Б.Қаниевке ақ тілектерін айтып, жаңа қызметтеріне сәттіліктер тіледі.