ТЕМІРЖОЛШЫ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ
Теміржолшылар мерекесі күні қарсаңында осы саланың кәнігі мамандарына, ардагерлеріне басшылық тарапынан марапаттар тапсыру жыл санап дәстүрге айналып келеді. Теміржол қашаннан да жауапкершілігі мол, жұмысының ауыртпалығы нар атанға жүк болар сала. Бұл аумақта қызмет ететін әрбір азамат еңбек майданына араласқан күннен бастап, осы ортада құрыштай шынығады.
Қызылорда облысының Аралына қарасты Бөген елді мекенінде дүниеге келген Бекділдә ағамыз теміржол саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Кеше ғана оған республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен қоғам алдындағы елеулі еңбегі үшін «Елеулі еңбегі үшін ел ардақтысы» медалі тапсырылды.
— Бұл менің тепловоздың жалында жүріп, талай ұйқысыз өткізген күндерімді бағалаған марапат деп ойлаймын. Осыны ұйымдастырған барша азаматтарға алғысым шексіз,—дейді ағамыз.
Ол шойынжолда жұмыс істеп зейнетке шықса да қара жұмыстың ығында қалып қоймады. Қолы қалт еткенде қиял түкпірін қаламымен сөйлетіп, жыр жазатын қасиеті көпке таныс. Шумақ шығаратындардың барлығының сөзі маржандай тізіліп тұруы міндетті емес. Десекте ардагер жыр-шумақтарына кейде күнделікті күйбің тірлікте орын алатын оқиғаларды теліп, айтар ойын осылай қара сөзбен шымшып та жеткізетіні бар.
Бүгінде аудан орталығындағы іргелі мешітке жиі бас сұғып, имандылық жолына бет бұрған ағамыздың бұл марапаты өткен жолындағы бейнетті күндеріне берілген баға екені даусыз.
М.БОҚАН.