Шалқар ауданының еріктілері бірігіп, тыныс алу аппаратына қажетті қаражат жинады.
Қуанышбек Зинешов, Әділбек Өсеров, Динара Алшора, Әлішер Дәулен, Айдана Әмитова бастаған ерікті жастар он күннің ішінде 260 мың теңге қаржы жинап, аудандық ауруханаға тыныс алу аппаратын табыс етті.
—Науқастарға тыныс алу аппараттары жетіспей жатқанын естіп, бірден қаржы жинауға кірістік. Әлеуметтік желі арқылы хабарландырулар таратып, қор аштық. Көптеген жанашыр, жомарт жандар қайырымдылық шарасына белсене атсалысты. Негізгі мақсат — теңізге тамған тамшыдай ғана жақсылыққа өз үлесімізді қосып, науқастардың сауығып кетуіне барынша көмек көрсету. Еріктілер кез келген уақытта қоғамға пайдасын тигізер игі іске атсалысуға дайын. Себебі, «жұмыла көтерген жүк жеңіл», — дейді ерікті жастардың бірі Қуанышбек Зинешов.
Жалпы, аудан еріктілері төтенше жағдай кезінде елімізде жарияланған «Біз біргеміз» акциясына қолдау танытып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Сондай-ақ, Түркістан облысындағы су тасқыны кезінде де зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсетті.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК,
«Ақтөбе» газетінен.