АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН КЕЛГЕН МАРАПАТ

Теміржол аумағында қызмет ететіндердің барлығының илейтіні — бір терінің пұшпағы. Ол — іркіліссіз жол қатынасы, жолаушының алаңсыздығы үшін теміржол аумағындағы қауіпсіздік пен тазалықтың қатаң сақталуы, т.б.
Бұл ретте әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлерінің еңбегі бір төбе. Болатжол маңындағы қауіпсіздікті басты назарға алып, үнемі сымдай тартылып, қырағы жүретін жігіттердің жігерін әрдайым жанып тұрсақ, артық та болмас…
Теміржолшылар мерекесі қарсаңында Шалқар стансасындағы №60 атқыштар командасының қызметтік ғимаратында төтенше жағдай талаптары сақталған шағын шара ұйымдастырылды. Онда кәсіби мерекеге орай «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың қолы қойылған «Адал Еңбегі үшін» медалі мен куәлігі тәжірибелі, қырағы күзетші Жұмағали Қарабалинге берілді.
Сондай-ақ әріптестеріміз Берік Қатуов, Батухан Баймұратов, Ерлан Сағынаев және Дәуренбек Әбілғазылар «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе қаласындағы филиалы директоры Ж.Тасыбаев пен осы саланың кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Аймағанбетовтың қолдары қойылған Алғыс хаттар алды.
Осы марапаттарды табыстау сәтінде сөз алған №60 атқыштар командасының бастығы Жәнібек Жандос Қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келген бұл марапаттарды жалпы ұжымға берілген жақсы баға деп, әріптестерін мерекелерімен құттықтап, қызметте абыройлы болуларына тілектестігін білдірді.

Еркебұлан МАМАНБАЕВ,
ӘТЖК-нің Шалқар стансасындағы
№60 атқыштар
командасының күзетшісі.