Кәсіпкерлер мен еріктілер көмек қолын созды

Шалқар ауданының жеке кәсіпкерлері мен еріктілері елімізді алаңдатқан індетке қарсы көмек ретінде ауданымыздың ауруханасында ауырып жатқан науқастарға көмек көрсету мақсатында «Шалқар кәсіпкерлерінен көмек» акциясы аясында қайырымды іс жасап, қорға жиналған 2 242 500 теңгеге жасанды тыныс жолына арналған аппараттар (Бобровский), медициналық құралдар (пульсиксометр, жедел-жәрдем сөмкесі, бактерияға қарсы жылжымалы құрылғы, тыныс жолына арналған шланга, үш каналды ЭКГ, небулайзер), қорғаныс құралдары (респиратор маска, бір реттік пайдаланатын маска, қорғаныс шлемі) және 35 дана кислородты баллондарды табыс етті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Б.Анапин осындай ауыртпалықтарға тап болған сәттерде кәсіпкерлерімізде қарап қалмай, бірігіп қолдан келген көмектерін беруге ұмтылып жатқанын айтты. «Себебі, айналамыздағы ауырып, көмекке мұқтаждық танытып жатқан адамдарды көре отырып, бей-жәй қалу адамгершілікке жатпайды. Қолдан келген көмекті жасауымыз қажет», — деді.
Өз кезегінде аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Е.Көпенов індеттің кесірінен ел басына түскен осындай кезеңде ауырған адамдар көбейіп, түрлі аппараттардың, дәрі-дәрмектердің жетіспей жатқан уақытында аудан кәсіпкерлері мен еріктілері үлкен жүрекпен жанашырлық танытуы нағыз азаматтық екенін айтты. Және барлық аудан дәрігерлері атынан шын жүректен алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің бірлесуімен 2 бас қой сойылып, аз қамтылған отбасыларға таратылды. Қайырымдылық іске атсалысқан жерлесіміз, Ақтөбе «Сенім» клиникасының иесі Марат Тлеуов тегін қорғаныс құралдарын жеткізіп, үлес қосты. Осындай игі шараға шаруа қожалықтарының үлесінен 5 бас қойдың еті ауруханаға жеткізілді.
Өз тілшімізден.