Қайырымдылық — асыл қасиет. Елімізде қор құрып, қиналған жандарға көмек қолын созып, демеп жіберетін азаматтардың көбейгені қуантады. Осындай қайырымды да қамқор жандардың арқасында қаншама үйсіз жүрген отбасылар қуанышқа кенелді десеңізші. Өмір болғаннан кейін біреуі асыраушысынан айырылады, біреу денсаулығынан айырылады дегендей…
Жақында Шалқар қаласында көп жылдардан бері баспанасыз, пәтер жалдап жүрген көпбалалы жалғызбасты ана Ләззат Сертайқызы Құрмашева үйлі болды. Бұл отбасыға қайырымдылық қолын созған елімізге белгілі айтыскер ақын, «Айдың нұры» қайырымдылық қорының төрайымы Айнұр Тұрсынбаева.
Аталған қордың директоры Мөлдір Әшімханқызы Ақылбекова өздерінің ізгілікті істері туралы былай деп әңгімелерді:
— «Айдың нұры» қайырымдылық қоры үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Қордың қаражатын толтырып, жұмыс істеуіне жағдай жасап, демеп тұрған бірінші халық, екінші Айнұр ханым. Карантин, шектеулерге байланысты екі ай бойы қиналған отбасыларға азық-түлік тараттық. Сосын аймақтар бойынша мұқтаж отбасыларға пәтерлер сатып алудамыз. Бүгінгі күні Шалқар қаласында Айдарқұловтар отбасына беріліп жатқан он екінші пәтеріміз.
Әрине, пәтер берудің өзінің тәртіптері бар. Асыраушысынан айырылған, бес баладан жоғары, жеке бастарында пәтерлері жоқ отбасылар болуы керек, денсаулықтарына да қараймыз. Бәрі базадан зерттеліп, зерделеніп, комиссия арқылы шешіледі. Өзім заңгермін, пәтерлердің ең мұқтаж жандарға тиюіне күш саламыз. Бізге құжаттарын жіберіп, хабарласушылар көп. Бүгінгі күні 60-қа жуық отбасы кезекте тұр. Жоғарыда айтқанымдай, аймақтар бойынша аралап, ең мұқтаж отбасыларына пәтерлер тарту етіп келе жатырмыз. Алматы қаласында, Талдықорған, Жамбыл, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында болып, үйсіз жүрген жандарды қуанттық.
«Айдың нұры» қайырымдылық қоры Астана қаласында жұмыс атқарып жатыр. Қазір елді мекендерді үш адам болып, командамызбен аралап жүрміз. Өзім, Толғанай Бақытқалиқызы және шалқарлық, қазір Алматы қаласында тұрып, ерікті болып жұмыс атқарып жүрген Азат Азаматұлы. Шалқар қаласынан осы Айдарқұловтар отбасын тауып берген де осы — Азат. Енді біз Павлодар жаққа қарай бет түзейміз, ол жақта да күтіп отырған мұқтаж отбасылар бар.
Өз кезегінде үйлі болған көпбалалы ана Ләззат Сертайқызы да қуанышын жасыра алмай қайырымды жандарға шын көңілмен алғысын білдірді: — Біріншіден, «Айдың нұры» қорының төрайымы, халқымыздың аяулы қызы Айнұр Тұрсынбаеваға, директоры Мөлдір Әшімханқызына, бүгінгі менің қуанышыма ортақтасып отырған қордың қызметкерлеріне өзімнің және балаларымның атынан шын жүректен алғысымды айтамын. Жұрттың алғысын алып жатқан қайырымды істерінен береке тапсын, бақытты болсын. 2018 жылы жолдасым қайтыс болды, қиыншылық көрдік, пәтер жалдап тұрдық. Мектеп жасындағы бес балам бар. Үкімет тарапынан берілетін тиісті жәрдеммен күн көреміз. Сөйтіп жүргенде осы қордың көмегімен екі аптаның ішінде ойламаған жерден үйлі болдым. Қор МПС-4, үшінші пәтер мекен-жайдағы екі бөлмелі үйді сатып алып берді. Пәтерде барлық жағдай бар, алғыстан басқа айтарым жоқ.
Қаладағы №6 орта мектеп директоры Жаңабай Мусин: — Азат Азаматұлы мектебіміздің түлегі, маған хабарласып ең үйге мұқтаж отбасын табуға көмек беруімді сұрады. Мен ел-халыққа жанашыр болып, телефон соққан шәкіртімнің барына қуанып, қиналып жүрген жанұяны іздедім, ауданның білім бөлімінің әлеуметтік жағдаймен айналысатын қызметкеріне хабарластым, Ақыры Ләззат қарындасымыздың отбасын ұсындық. Жалдап жүрген пәтерінің ыңғайына қарай балалары Ә.Жанкелдин атындағы орта мектепте оқиды екен, енді №6 орта мектептің қасынан үйлі болып, балалары біздің мектепке ауысып жатыр. Жалпы бұл ізгілікті іске шәкіртім Азаттың септігі тиді, мен бұған қуаныштымын. Осындай қайырымды жандар көбейе берсін дегім келеді.
Қор директоры М.Ақылбекова мұқтаж отбасыға пәтер кілтін тапсырғаннан кейін қала әкімінің орынбасары Нұртілек Жұмамұрат-ұлы елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жұмыс атқарып жүрген «Айдың нұры» қайырымдылық қорының жұмысына сәттілік тілеп, қала әкімі Тұрлан Төлегеновтың атынан шын жүректен алғысын жеткізді.
Қыдыралы ӘЛИН.