ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ — ҚАДІРЛІ ІС

Биылғы көктем өз қиыншылықтарымен келді. Әлемді әбігерге салған бүгінгі пандемия кезінде бізді қиыншылықтан шығуға жетелеп отырған еліміздегі бірлік пен береке, ұйысқан ынтымақ пен сабырлылық десек артық айтқандық емес. Осы бір қиын сәтте үлкен ауызбіршілікпен індетке қарсы тосқауыл қоюға атсалысқан медицина, полиция қызметкерлерінің түрлі жастағы еріктілер тобының атқарған еңбегі бірлігіміздің белгісі.
Төтенше жағдай жарияланғаннан бері аудандық аналар кеңесінің мүшелері де өз жұмысын онлайн түрінде жүргізіп келеді. Кеңес мүшелері қоғамда болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға өз пікірлерін білдіріп, ұлттық құндылықты жоғалтпай, салт-дәстүрге бейімдеп отбасын тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып, бала тәрбиесіне байланысты іс-шараларға белсене қатысып отырды. Осы жағдайға байланысты кеңес төрайымы М.Бекетова, кеңес мүшелері Г.Сәкенова, Ж.Сүндетбаева бірнеше рет өз үндеулерін жариялады. Бірнеше тақырыпта челлендж дайындалды, Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлерімен сұхбат жүргізіліп, сый-құрмет көрсетілді. Мысалы, ұлттық дәс-түрімізді насихаттау және елді сабырлылыққа, төзімділікке шақыру мақсатында «Әжелер» челленджі, Мөңке би ауылдық округі аналар кеңесі «Келіндер», Сарысай ауылдық аналар кеңесі «Алас, алас», Есет Көтібарұлы ауылдық аналар кеңесі «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін», «Татулық — достықтың киелі бесігі», Бершүгір ауылдық аналар кеңесі 1 маусым — балаларды қорғау күні қарсаңында дайындаған «Бақытты балалық шақ» тақырыбындағы челлендждері әлеуметтік желілерде жарық көрді.
Отбасы күні қарсаңында қала тұрғыны көп балалы Тлесовтер әулетімен, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Ш.Тақайұлының отбасына барып, ардагерлердің ескірмейтін естеліктері тыңдалып, сұхбат жүргізілді. Айшуақ ауылдық аналар кеңесінің мүшесі З.Қангереева өзге жерден келіп, қазақ еліне тастай батып, судай сіңген жандардың бірі — Светлана Антоновна Прибельская жайында «Тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір», қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс- салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі — жарапазан, 31 мамыр — Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, Рәміздер күні қарсаңында «Шындық. Бейбітшілік. Үміт рәміздері» Кеңес Одағының Батыры І.Үргенішбаевтың алғашқы шәкірттерінің бірі К.Еңсепов туралы бейнероликтер дайындалды. Бершүгір ауылдық кеңес мүшелері де мереке қарсаңында тыл ардагерлерімен, зейнеткерлермен кездесіп, сый-құрметтерін көрсетті. Бозой ауылдық кеңес мүшесі Г.Сәкенованың «Көп ұлт өкілін қазаққа айналдырған Бозой», кеңес мүшесі Ж.Үмбеталының «Татулық ордасы» тақырыбындағы мақалалары, 9 мамыр — Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында Г.Ханзадақызының «Жазылмайды соғыс салған жаралар», «Сәт сапар саған, жас түлек» өлеңдері, А.Дүйсенбиқызының «Ұлағатты ұстаз, ұлт батыры», Қ.Әбдікәдірқызының «Ерлік пен еңбекті ұштастырған», отбасы күні қарсаңында Г.Амантаеваның «Шаңырағым — шаттығым», М.Бекетованың «Отбасылық құндылық — тәрбиенің негізі» атты мақалалары, қуғын-сүргін ашаршылық құрбандары жайында Ж.Сүндетбаевның ой толғауы Ассамблея сайтында, облыстық «Ақтөбе», аудандық «Шалқар» газеттерінде жарық көрді.
Қай кезде де қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санаған. Қайырымдылық — мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Осындай қиын сәтте адамдардың бір-біріне демеу болып, мейірім шуағын шашып, көмек қолын созуы қажет-ақ. Елбасы, «Nur-Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен республикалық «Bizbirgemiz» қайырымдылық акциясы аясында кеңес мүшелері де белсене қатысып, мұқтаж жандарға мейірімін төгіп келеді. Кеңес мүшесі З.Князова отбасымен жалғызбасты, аяғы ауыр үш баласы бар анаға 40 000 теңгеге азық-түлік, балаларына, өзіне киімдер,10 000 теңгеге қаржылай және 50 000 теңгеге теледидар, мұздатқыш алып берді. Бес отбасының әрқайсысына 10 000 теңгеге азық-түлік таратып, көмек көрсетті және қасиетті Рамазан айының алғашқы күні кеңес мүшелері 40 000 теңгеге сегіз отбасына азық-түлік жеткізіп берді. Кеңес мүшелері Ақтөбе қаласындағы аз қамтылған отбасыларына, су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қаржылай көмектерін берді. Жалпы төтенше жағдай кезінде барлығы 240 500 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Кеңес мүшелері 300-ге жуық бетперде тігіп, бұл бетперделердің барлығы «Анаға тағзым» орталығына келушілерге, көпшілік орындардағы азаматтарға, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға тегін таратылды. Бозой ауылдық округі кеңес мүшесі Г.Сәкенова 250 бетперде тігіп ауыл халқына таратты. Әлеуметтік бөлме тарапынан наурыз айында әлеуметтік көмек қажет ететін көп балалы, аз қамтылған, толық емес отбасыларына 182 500 теңге, маусым айында 159 050 теңге көлемінде киім берілді.
Әркім өз ауылы немесе өз қаласындағы мұқтаж жандардың жағдайынан хабар алып, жетпегенін жеткізіп, үзілгенін жалғап жіберсе, бұл да үлкен сауаптың көзі екендігі даусыз. Кеңес мүшелері бірлесе отырып сауапқа кенелтер мұндай қайырлы істерді атқара бермек. Мұның өзі аналар кеңесі мүшелерінің көпке көрегенділік көрсетіп, баршаға үлгі боларлықтай іс жасап жүргені ана жүрегінің кеңдігін бір дәлелдегендей.

М. Қалдауқызы,
аудандық аналар кеңесінің төрайымы.