Бозой ауылдық округі аудан орталығынан шалғай орналасқанымен, көлемі, халқының тығыздығы жөнінен алдыңғы қатарда тұрған елді мекен. Шаруашылығы мен өндірісі қоса дамып, округ аумағындағы елді мекендер сәулеттеніп, өмір көшіне ілесіп, құлашын кең жайып, халық көбейіп, мал басы артып, өсіп келеді.
Бүгінде бұнда шағын кәсіпкерлікке де өріс ашыла бастады. Бозой ауылы кәсіпкерліктің қай түріне де болмасын бейім. Округте 50 шаруа қожалығы және 82 әртүрлі кәсіпкерлік нысан бар. Осылардың ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібін өрге домалатып отырғандар бар. Солардың бірі — Бауыржан Даулетияров. Ағамыз жылыжай ашып, қысы-жазы көкөніс өсіруді қолға алды. Мәселен, мына суреттегі жылыжайдың құны 5 миллион теңге тұрады, онда қияр мен қызанақ өседі. Әуелі «Жұмыспен қамтудың жол қартасы — 2020» бағдарламасы арқылы 3,5 млн. теңге алған. Үстіне 1,5 млн. теңге қосып, құрылысна кірісті. Үш жыл жасаған жұмысының нәтижесінде биыл жылыжай алғашқы өнімін бере бастады.
— Бұл кәсіп үнемі күтімді қажет етеді. Құмын қопсытып, суарып, қалыпты температураны сақтап отыру қажет. Алғаш рет қолға алғандықтан біршама қиындықтар кездесіп жатыр. Алдағы уақытта екінші жылыжайымды салып, ісімді кеңейтіп, басқа да көкөністер мен жеміс-жидектер де өсіру жоспарымда бар, — дейді кәсібіне риза болған ол.
Сонымен қатар, Бауыржан Бақытжанұлы мұнымен тоқтамай ауыл шаруашылығы саласына да қосар үлесі бар өзге де кәсіп түрлерін өрлетуді жоспарлап отыр.
Гүлдана Алданышова,
Бозой ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы.