Аудан бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы бұқаралық спорт түрлерін дамытуға байланысты өткізілген спорттық шаралар саны 150-ге жуықтаса, оған қатысқан спортшылар саны 3 мыңды құрайды.
Атап айтар болсақ, жыл басында Шалқар қаласында шаңғыдан аудандық біріншілік, сәуір айының 11-16 күндері аралығында Кеңес Одағының батыры І.Үргенішбаев атындағы бокстан республикалық ашық турнир, Ұлы Отан соғысының ардагері Матрахов Иван Петровичті еске алуға арналған допты хоккейден аудандық біріншіліктер өткізілді.
Волейболдан ересектер арасында Шалқар ауданы әкімінің кубогіне арналған аудандық ашық біріншілік ұйымдастырылып, оған облыстағы аудандар мен көршілес облыстардан да сайыскерлер келіп қатысты. Осы додада ауданымыздың командасы чемпион атанды.
Елдегі қазіргі ахуал талаптарын басшылыққа ала отырып, жұмыстарымызды әзірге тоқтатқан емеспіз, онлайн түрде де жарыстар өткізуді қолға алдық.
Біздің бөлімнің спорттық атақтар мен дәрежелер беру функциясыда бар. Балалар мен жасөспірімдердің спорттағы жетістіктерін бағалай отырып 1, 2, 3 дәрежелі спорттық атақтары берілді.
Ақтөбе қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен гір спортынан және қол күресінен ерлер және әйелдер арасында облыс чемпионаты болды. Оған ауданнан құрама команда жасақталып, қатысты. Әртүрлі салмақта спортшыларымыз жекелей 2-3 орындарды иеленді.
Айта кететін жәйт, Рустем Айдарбеков облысымыздың құрама командасына еніп, Қызылорда қаласында өткен республикалық чемпионатта өңір намысын қорғады.
Үстіміздегі жылдың 25-29 ақпан күндері аралығында Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан облыстық чемпионатқа ауданнан құрама команда жасақталып, жарысқа жіберілді. Нәтижесінде тоғызқұмалақшылар жүлделі орындарды иеленді.
Аймақтың дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен наурыз айында Ұлы Жеңіске —75 жыл толуына орай өткізілген «Актюбинская лыжня» деген жарыста ауданның құрама командасы жүлделі орындарды алды.
Сонымен бірге, ұлттық спорт түрлерінен Ақтөбе облысы чемпионатында Шалқар ауданы жүлделі I орынды иеленді.
Қазіргі таңда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жоспарына сәйкес, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі күндері халықтың бос уақытын тиімді өткізулеріне жағдай жасауға байланысты спорттық шаралар ұйымдастыру жоспарымызда бар.
Алда ауданға қарасты ауылдық елді мекен жастары арасында аула жастарының спартакиадасын өткізу жоспарланып отыр.
Ауданда В.Н.Цеханович атындағы мамандандырылған №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ) бар. Онда 16 штаттық жаттықтырушы жұмыс жасайды. В.Н.Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 3 түрімен 719 бала айналысады. Спорт мектебі аудан көлемінде жұмыс жасайтындықтан Мөңке би, Жылтыр, Шетырғыз, Айшуақ, Қауылжыр елді мекендерінде бокс бөлімшелері, Бозой, Біршоғыр, Аққайтым елді мекендерінде грек-рим күресі жұмыс істейді.
Сонымен бірге аудан әкімдігінің 2017 жылдың 29 мамыры күнгі №118 қаулысына сәйкес, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жұмыс жасауда. №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спорттың ұлттық және ойын түрлері бойынша жасөспірімдерді спортқа баулиды. Бүгінгі таңда спорттың 6 түрімен 395 бала шұғылданады. Шілікті, Тоғыз елді мекендерінде қазақша күрестен секциялар жұмыс жасайды.
Балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс уақытта дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысу мақсатында аудан бойынша аула клубы қызмет көрсетіп тұр.
Сондай-ақ орта білім беру мектептерінде спорттық секцияларда 4647 оқушы тартыл-ған.
Алда да спорттың бұқаралығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға баланысты жұмыстар жүргізіле берілмек.
Н. ШОЙҒАРИН,
аудандық дене шынықтыру
және спорт бөлімінің бас маманы.